Жағдай жақсарып келеді
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов іссапармен Ұзынкөл, Меңдіқара аудандарына барды. Жұмыс сапарының аясында Меңдіқара ауданында болып, алдымен Михайловка орта мектебінде жасалған жөндеу жұмыстарына баға берді. Мұнда өткен жылы 299,9 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген болатын.
Одан әрі аудан орталығындағы Мұхамеджан Қарабаев атындағы Қостанай облыстық оңалту орталығында болды. Аталмыш орталықта биыл 933 млн теңге сомасына күрделі жөндеу жүргізілді. Жұмыс өткен жылы басталып, биыл наурыз айында аяқталған. Қазір мұнда облыстың әр ауданынан келген науқастар ем алуда.
– Қазіргі таңда аз-мұз жұмыстар бар. Атап айтсақ, ол жеделсатыны жаңарту, тиісті медициналық аппараттар мен жиһаз сатып алу қажет. Бұл үшін қаражат бөлінген, оңалту орталығы мемлекеттік сатып алу жұмыстарын өзі жүргізіп жатыр. Биыл бұл мәселелер түгел шешілмек, – деп атап өтті Оңалту орталығының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрхан Өтегенов.
Бұдан соң өңір басшысы Алтынсарин көшесіндегі №12, 16 пәтерлі тұрғын үйге бас сұқты. Қаңырап қалған ғимараттарды кәдеге жарату жұмыстары «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Ол үшін бюджеттен 88,9 млн теңге бөлінген болатын.
Айта кету керек, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында өткен жылы Меңдіқара ауданы 1 892 313,3 мың теңге сомасына 18 жобаны іске асырған еді.
– Бұл үйде көп балалы аналар, бюджеттік ұйым қызметкерлері, үш медицина қызметкері тұрып жатыр. Қалған пәтерлер кезек бойынша берілді. Алдағы уақытта осындай жөндеу жұмыстарын қажет ететін бірқатар ескі ғимарат бар. Егер сараптамадан өтсе, оларды да қайта жаңартуды қолға алмақпыз, – дейді Меңдіқара ауданының әкімі Нұрлан Қатарбеков.
Сапар қорытындысы бойынша Архимед Бегежанұлы аудан басшылығына ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жалғастыруды тапсырды.
Бұдан кейін, облыс әкімі Ұзынкөл ауданына бет бұрды. Алдымен Ұзынкөл ауылындағы аудандық ауруханаға барды. Аудан әкімі Мұрат Сандыбаев мұнда шатырға жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтты. Ғимараттың ауданы 336 шаршы метрді құрайды. 24 ақпанда ауа-райының нашарлауына байланысты шатыр бұзылған болатын.
– Бүгінгі таңда ғимараттың бір бөлігі толық жөндеуден өтті. Іші-сырты тегіс жаңартылды. Енді қалған бөлігіне кіріскелі отырмыз. Қазіргі уақытта барлық құжаттары дайын, – дейді аудан әкімі Мұрат Сандыбаев.
Бұдан соң өңір басшысы «Тұмар» шағын маркетіне барды. Осы жылдың ақпан айында «Аббасова И.В.» ЖК өз қаражаты есебінен 25,7 млн, теңге сомасына шағын–маркеттің құрылысын аяқтады. Меншік иесі шығарылатын өнім ассортиментін кеңейту үшін 2021 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына қатысуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Жеке кәсіпкердің айтуынша, әзірге таурадың дені облыс орталығынан жеткізіледі. Алдағы уақытта жергілікті өнім өндірушілермен байланыс орнатып, қамтамасыз ету ойда бар екенін айтады.
– Біздің ауданда нанның бірнеше түрін пісіретін, көкөніс өсіретін, балық сататын азаматтар жеткілікті. Солармен тығыз байланыс орнатып, өнімдерін біздің дүкенде де сатуды жоспарлап отырмыз. Мұндай шағын маркет ауданда тұңғыш рет ашылды. Енді осыны кеңейтіп, әртараптандыру қажет, – дейді жеке кәсіпкер Ирина Аббасова.
Сонымен қатар, өңір басшысы Ұзынкөл ауданындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне барды. 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың – жол картасы» бағдарламасы аясында ғимаратқа жөндеу жүргізілді. Мұнда 26х12 ойын алаңы, медициналық және әдістемелік кабинет, киім шешетін бөлме (ерлер, әйелдер), қазандық, жуынатын бөлмесі бар.
А.Мұхамбетов сапар соңында «109» бірыңғай ахуалдық орталығында болды. Орталық 31 наурызда ашылды, тәулік бойы халықтан өтініш қабылдауда.
Сапар қорытындысы бойынша өңір басшысы аудан әкімі М.Сандыбаевқа ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жалғастыруды тапсырды.