Тарихқа тағзым, болашаққа бағдар

"Мен көздеген жұмыстарымыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады".
( Н.Ә. Назарбаев. "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру")
Қазақстан халқына серпіліс берген "Рухани жаңғыру" бағдарламасының бастау алғанына биыл 4 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде бағдарлама елдегі негізгі идеологиялық құжатқа айналды деуге әбден болады. Бүгінде бағдарлама прагматизм, бәсекеге қабілеттілік, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы, ұлттық бірегейлікті сақтау сияқты 6 бағыт пен 13 арнайы жобаның басын қосқан кешенді стратегиялық құжатқа айналған. Бұл бағдарламаны – қоғамға рухани жол көрсетіп, болашаққа бағыт-бағдар сілтеген идея деп түсінеміз. Біздің өңірде де арнайы жобалар қолға алынып, қыруар іс тындырылды. Бұл игі бастамалар биылғы жылы да жалғасын таба бермек. Өңірде атқарылған істер мен алдағы жоспар жайында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Абылайхан Кәкенов тарқатып айтып берген еді.
– Абылайхан Мүбаракұлы, келелі бағдарламаның жүзеге асып келе жатқанына төрт жыл. Осынша уақыт ішінде тындырылған іс аз емес. Дегенмен осы бағдарламаның негізін түсіне алдық па?
– Негізі барлығы таным мен түсініктен басталады. "Рухани жаңғыру" бағдарламасын алдымен біздер дұрыс түсіне білуіміз керек. Төрт жыл ішінде ауқымды шаралар ат-қарылса да оның түбегейлі мақсатын ұғынып, көре білгеніміз жөн деп ойлаймын. Себебі, 2017 жылы алдымен мақала жарияланды, одан нақты бағдарлама ұсынылды. Бұл құжат бүгінгі таңда екі бағытты ұсынып отыр. Алғашқысы бірегейлігімізді сақтау болса, екіншісі заманауи жаһандану заманында өзге елдің, өзге ұлттардың жақсысын сіңіре отырып өзіміздің бірегей-лігімізді сақтау. Міне, осы екі бағытты ұстану керек деп ойлаймын. Биыл ұлттық деңгейге көшу жолында біздің шараларымыз ауқымды, нақты әрі әлеуметтік маңызды болуы керек. Заман талабына сай болу үшін адам мен қоғам үнемі жетілдіру үдерісінен кеш қалмағаны жөн. Бұл талапқа сай болмағандар бәсекеге төтеп бере алмай, жеңіліске ұшырап жатады. Сол себепті Бағдарламаның білімнің салтанат құруы, бәсекелік қабілет, прагматизм, сананың ашық болуы, ұлттық бірегейлікті сақтау және эволюциялық даму сияқты негізгі қағидалары өзекті болып табылады. Бұл туралы Елбасы "Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді" деп баса айтқаны тегін емес.
– Төрт жылдағы жетістігіміз қандай болды?
– Төрт жыл ішінде ауқымды, ауыз толтырып айтарлық шаралар жүзеге асты. Мысалы, әр жылға бөліп қарайтын болсақ әр жылдың өз бағыты болды. 2017 жылды киелі жерлеріміз бен тарихи тұлғаларымызға арнаған екенбіз. Бұл, әрине, алдымен Шақшақ Жәнібек ескерткішінің бой көтеруі, одан қалды Кейкі батырдың кесенесінің салынып, оның бас сүйегінің елге қайтарылуы. Арқалықта республикалық деңгейдегі конференция өтті. Осының бәрі біздің өңір үшін ғана емес, тұтастай қазақ елі үшін елеулі оқиға болды. Оған қоса ЭКСПО көрмесі өтті, осы кезеңде біз астана төрінде жерлестеріміздің басын қосып, құрылтай өткіздік. Бұл да маңызды шаралардың бірі еді. Оған қоса сол жылы Ы.Алтынсариннің кесенесі қайта жаңартылды. Бұл атаулы шараның бірі. Ұлы ұстазға деген құрмет, бүгінде мавзолейдің сырт келбеті өзгерген. Бұл да ұрпақтар сабақтастығының бір көрінісі. 2018 жылы адами капиталдың сапасын жақсартуға арналды. Яғни, облыс бойынша жүзге жуық робототехника кабинеттері есігін айқара ашты. Бұл бұрын соңды болмаған дүние. Заман талабына сай облыстың әр мектебінде оқушыларға жаңа мүмкіндік пайда болды. Біздің оқушыларымыз түрлі деңгейдегі байқауларда өздерін үздіктер қатарынан көрсетіп жүр. Бұл да игі бастаманың жемісі еді. Қазіргі кезде кәсіптік мамандықтар күн сайын өзгеруде. Осы робототехника саласы жаңа мамандықтың бірі десем қателеспес едім. 2019 жылы ауылдық инфрақұрылымды дамытуға, оның ішінде спорттық және балалар алаңдарын салуға көңіл бөлінді. Шын мәнісінде ауқымды шаралар жылы десек те болады. Осы жылы барлық облыс бойынша 37 спорттық нысан бой көтерген екен. Бұған деген қаражат мемлекеттен емес, табысты азаматтардан бөлінді. Олардың еліне көрсеткен көмегінің ар-қасында жастарды қолдап, әсіресе ауылдық жерлердегі ұрпаққа әлеуметтік жағынан жағдай жасап, болашағына жол аштық. 2020 жыл өзіңіз білесіз пандемия жылы ғана емес ол – волонтерлар жылы да болды. Бір-бірімізге, жақындарымызға көмек көрсету жылы деуге де болар. Қазақстан хал-қы Ассамблеясы бар, этно-мәдени орталықтарымыз бар, ҮЕҰ бар, барлығы бірігіп, қолдан келген жақсылықты жасады. Қаражаттай да, материалдық, моральдық тұрғыдан да көмек беріп, қолдады. Онымен қоса, біздің екі мыңдай волонтерымыз облыс бойынша дәрі-дәрмекті таратуға не болмаса мемлекет тарапынан берілген көмекті алуға мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, қарияларға көмек көрсетті. Міне, төрт жыл ішінде ауқымды іс жүзеге асты. 400-ден аса меценат, 85 ҮЕҰ, екі мыңнан аса волонтер, одан қалды сыртта жүрген табысты азаматтарымыз да шет қалмай туған жерлеріне жұмыла көмектесті. Тегін ота жасаған дәрігерлер болды. Мәдениет саласының өкілдері, спортшылар да қолдарынан келген көмектерін аямады.
– "Рухани жаңғыру" – тарихымызға тағзым ғана емес, болашағымызға бағдар екені сөзсіз. Жастардың көзқарасы қалыптасты ма?
– Рухани жаңғырудың жемісін тез арада көре алмаймыз. Ол уақыт өте келе әр адамның рухани жан дүниесін өзгерте отырып, қол жеткізетін жағдай. Қолға алатын жұмыс әлі көп. Өзгеден үйренеріміз де баршылық. Бірақ біз ескі керітартпа мінезден арылып, өткен рухани құндылығымызды сақтай отырып, жаңашылдыққа ұмтылуымыз керек. Елбасы басты-басты деген алты бағытты атап көрсетті. Оның ішінде ұлттық бірегейлікті сақтау, білімге құштарлық, сананың ашықтығы, бәсекеге қабілеттілік бар. Міне, осындай басым бағыттардың маңызын түсіне білгеніміз жөн. Бізде шекара ашық, ақпараттандыру жағынан да ашықпыз. Ашықтық азаматтардың тұлғалық дамуына үлкен әсерін беруде. Әлемдік деңгейде, кеңінен ойлайтын кез келді. Мысалы, сананың ашықтығы дегеніміз осы болар. Қазіргі жастар бүгінгі күннің мүмкіндігін түсініп жатыр. Уақыт пен мүмкіндікті өз пайдасына жаратуда. Өзгенің жаңашылдығын алып, ұлттық мүддемізді сақтай отырып, жүзеге асыруды түсінді.
– Президентіміз даңғазалық пен ысырапшылдыққа жол жоқ екенін, жұмыс тек жүйелі түрде өтетінін нақты айтты. Биыл да мерейтойлар жылы болғалы тұр. Бұл шаралар қандай деңгейде өтпек?
– Биылғы жылы "ұрпақтар сабақтастығы" бағыты шеңберінде облыста жұмыс жоспары бекітілді. Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанның барлық жетістіктерін дәріптеп, өткен жылдарды қорытындылап, келер ұрпаққа өздері дамытып әкететіндей платформа жасау. Аудандар мен қалаларда Тәуелсіздік алаңдары, Тәуелсіздік саябақтары ашылып, мемлекеттік рәміздер алаңдары пайда болады. Мұның бәрі де бір реттік акция емес. Бұл ауызбіршілікті нығайту, ауылдарды көгалдандыру. Келер ұрпаққа іс қалдыру. Әр тұрғынның қосқан үлесі, артында қалған ізі болмақ. Туған жерге деген сүйіспеншілік. Биыл қыркүйек айында халық-аралық дәрежеде ауқымды конференция өтеді. А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына дайындықтар басталды. Республикалық спикерлерді тарта отырып, дәрістер кешені мамыр айынан басталады. Оған қоса өлкетану бойынша әр аудан өз өңірі туралы арнайы кітаптар шығарады. Мұның бәрі де санитарлық жағдайды сақтай отырып, ысырапшылдыққа жол бермейтіндей деңгейде өтеді. Енді алдағы жағдай қалай боларын көре жатармыз. "Рухани жыңғыру" тек қана мемлекет тарапынан берілетін қаражатқа өтетін іс-шаралар емес. Оған әр адам өзінше үлесін қоса алады. Азаматтық белсенділік те рухани жаңғыру. Пандемия бізге жаңа мүмкіндіктерді ашты. Онлайн түрде кең көлемді шашылмайақ кең қамтуға болатынын көрсетті.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓