Қызмет қадағалануы тиіс
Қостанай облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының орынбасары Дмитрий Малахов келді.
Сапар аясында ол "Қостанай – адалдық алаңы" жобалық кеңсесі алаңында өңір белсенділерімен және қоғамдық пікір көшбасшыларымен кездесті.
Агенттік өкілінің айтуынша, қоғамдық бақылаусыз "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын жүзеге асыру мүмкін емес. Осыған байланысты мемлекеттік қызмет көрсету сапасына мониторинг жүргізуде азаматтық ресурсты белсендірек тарту керек.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметі келеңсіздіктің алдын алуға бағытталған. Арнайы мониторингтік топ, ақпараттық-ағартушылық штабтар, "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесі сияқты қоғамдық институттарды енгізу арқылы азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою, сондай–ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша кең ауқымды жұмыс жүргізілуде" –деп атап өтті ол.
Өз кезегінде қоғам белсенділері 2020 жылы атқарған қызметтері туралы айтып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асырудың мәселелерін талқылады. Олардың айтуынша, мемлекеттік органдар ақпарат берудің ашықтығы мен айқындығы қағидаттарын іске асыру бағытында жұмысты күшейтуі керек.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева жиылғандарға "AntikorLive" жобасы жөнінде айтып берді. Жоба аясында БАҚ пен қоғам қайраткерлері танымал мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде онлайн-трансляциялар арқылы өздерін қызықтырған сұрақтарды қоя алады. Жемқорлықпен күресті күшейту мақсатында, өзге де жобаларды жүзеге асыру керектігі сөз етілді. Атап айтқанда, ведомство өкілдері қоғамдық ұйымдар мен штабтардың құрамына белсенді азаматтарды, соның ішінде жастарды, журналистер мен Әдеп жөніндегі уәкілдерді тарту қажеттігін атап өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдерінің жиыны Ш.Қабылбаев атындағы ҚР ІІМ Қостанай академиясында жалғасты. Ведомство өкілдері курсанттарға дәріс оқып, жемқорлықпен күрес жөнінде ақылкеңес берді.