Дос туралы толғаныс

Батпаққара табанында өнерпаз адам аз болған жоқ: Қазбек, Құтжан, Төкен, Башарин, Каки, Төленді, Бақытбек, Мәрзия, Қантай, айта берсең тізім ұзақ. Солардың ішінде бірегейі болған досым Жұмағали Сүлейменұлы Өмірбеков еді. Достар жайында өткен шақпен сөйлеу қандай ауыр, дегенмен солай деуге тура келіп отыр. Арамыздан жарқын жүзді, жайдары, әрқашан күлімсіреп тұратын, әзілге ұста, сөзге шешен, тапқыр, достыққа адал азамат бақилық болып, о дүниеге аттанды.
Бұл жалғанда адамның адамдық қасиетін бағамдау, бағалау қиын мәселе. Өйткені, адам біреуге жаққанмен, біреуге жақпауы мүмкін. Жұмағали ешкіммен ренжісіп,біреуге қатты сөз айтып көрмеген шығар, өз басым көрген де, естіген де жоқпын. Ал оның өнерпаздығы өз алдына бөлек әңгіме. Мен Жұмағалимен 1959 жылы Қостанайда таныстым. Пединституттың бірінші курсында оқыды. 18 жасар мектепті жаңа бітірген бала ғой. Сол кезде-ақ ол өнерпаздығымен таныла бастады.
Бір күні сол институтта концерт өтетін болып, бәріміз жиналып концертке бардық. Концерт жүргізуші – Жұмағали екен. Сауық аяқталғанша езуіміз бір жиылмай, күлкіге қарық болдық. Күлдіргі сөзді, күлдіруді қайдан-қалай тапқанын бір өзі ғана біледі. Кейін сұрағанымызда, «білмеймін, сол жерде келе қалады», – дейді. Соның бір көрінісі, «Дудар-ай» өлеңін орысшалауы. «Ащыкөл, Тұщыкөлдің арасы бір» деп басталатын шумақты:
«Сладкое озеро, соленое озеро середина одинаковый,
На голове кәмшат шапка красавица.
Дудар-ай если хочешь, скорей приезжай
На твое место русские-казахи устраивают скандал»,
– деп жолма-жол аударған ғой. Ал күлмей көр! Және өзінің орындауы бөлек қой. Тағы бір қасиеті – шығармашылдығы, яғни композиторлығы. Біраз әндері мен күйлері бар еді. 1978 жылы біздің үйге бір келгенінде, екі-үш әні мен «Қостолғау» деген күйін орындап еді. Ленталы магнитофонға жазып алғанмын. Қазір ондай магнитофондар жоқ, өзімдікі баяғыда істен шыққан. Басқа магнитофон таба алмадым. Ленталар бар, сақтаулы, тек 4 жолды магнитофон керек.
Жұмекеңнің тағы бір кереметі – тапқырлығы мен батылдығы. 1992 жылы Алматыға Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына барғанда, Нұрғиса Тілендиев ағамызға қонақ үйде дастархан жайдық. Біраз әңгіме айтылып, күй тартылып отырғанда, Жұмағали: «Нұраға, менің «Қостолғау» деген күйім бар, тыңдайсыз ба?” – деп күйді бастап кетті. Шығарма шертіп тартылатын және мұңды еді. Күйді тыңдап болғаннан кейін Нұраға: «Күйің жақсы екен», – дегені сол еді, Жұмағали «тағы күй тартайын ба?» деді. Сонда Нұрғиса ағамыз: «Әй сен менімен күй тартысайын деп отырсың ба, ей?» дегені сол еді, Жұмағали «тартыссам тартысам, менің пірім алдымда отыр – ол өзіңіз, сіз кімге сыйынып күй тартамын деп отырсыз», – деп қойып қалды. Ойпырым-ай, Нұраға ренжіп қалмаса игі еді деп біз отырмыз қыпылдап. Жо-жоқ, ол кісі ризалық кейіппен, күліп, «мынауың бір пәле ғой өзіме жармасып жатқан», – деп риза болды.
1993 жылы көктемде Аманкелді ауданының халық аспаптар оркестрімен Түркияға баратын болдық. Ертең жүреміз деп қырынып жатқанымда, саусағымды кесіп алдым. Осы жағдайды естіген бетте Жұмағали «Осы сен саусақпен ойнағанды қашан қоясың», – деп ренжіп қалды. Сондағысы оң қолың жоқ, сол қолдың өзінде үш-ақ саусақ деп жаны ашығандағысы ғой.
Сөйткен Жұмағали дүниеден өтті. Амал не, Алланың дегені болады ғой. Жаны жәннатта, орыны жұмақта болсын деп тілеймін.
Айтбай Мұздаханов,
ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері,
Аманкелді ауданының құрметті азаматы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓