Адал еңбек мұратқа жеткізеді. Ұлағатты ұстаз Есқали Байбосынов туралы сөз.

Басқа жұртты білмедім, біздің қазақта әдемі қартаю деген ұғым бар. Халқымыз қашанда өз биігін аласартпай, қадірін қашыртпай қартая білуді өнеге санаған. Егде тарт-қанда елге сіңірген еңбегің еленіп, халқыңның құрметі мен ағайынның сыйына бөленгеннен артық бақыт бар ма? Берем десе, патша Құдайдың пейілі кең ғой. Ақ сақалды ата, ақбұрымды әже атану алдымен Алланың сыйы болар. Сондай баққа малынып, сыйға бөленген қарттар қазақта аз емес. Өз басым бүгінде Елордада тұратын ерлі-зайыпты ұстаздар Есқали Байбосынов пен Таня (Тиышкүл) Бектемісованы әдемі қартаюдың үлгісі деп білемін.
Есқали Байбосынұлы туралы осыдан 18 жыл бұрын ал-ғаш рет қалам тартқан екенмін. 2003 жылғы мамыр айында "Жас Алаш" газетінде жарық көрген мақаламда "…Есқали ағай тәртіптің темірдейін қалайды" деп жазыппын. Иә, сол қаталдық еді, бізге ессіздеу еркелікті тиғызған, есейтіп, есімізді жиғызған. Сесті емес, есті қаталдық болатын! Қатігездігі жоқ, қайыры бар қаталдық еді! Ар жағынан мейірбан жүректің мейірімі төгіліп тұратын.
Біз бастауыш класта оқып жүргенде-ақ мектептегі темірдей тәртіпті сезіндік. Мұғалімдеріміз дәлізде мектеп басшысын көре қалсақ, сап түзеген сарбаздай қолымызға бас киімімізді ұстаған күйі қалшиып тұра қалуды үйретті. Көшеде Есқали ағайдың көзіне түспеуге тырысатын едік. Біз түгілі мұғалімдер де ақырын жүріп, анық басатын. Солай…
Амандық болса, алдағы ғарышкерлер күнінде саналы ғұмырының 40 жылын ағартушылыққа арнаған, оның 30 жылында білім ордаларын бас- қарған ұлағатты ұстаз, "Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері" Есқали Байбосын-ұлы мерейлі 80 жасқа толады. Осыған орай біз де мерейтой иесіне жылы лебізімізді біл-діруді шәкірттік парызымыз санадық.
Есқали Байбосынұлы 1941 жылы 12 сәуірде Қостанай облысының Жанкелдин ауданына қарасты Көлқамыс деген жерде дүниеге келген. Қарабидайық бастауыш мектебінде сауатын ашқан. 1958 жылы Аралбай ауылындағы Жанкелдин орта мектебін бітірген соң екі жыл ауылда еңбек еткен. 1960-1965 жылдары Алматы қаласындағы Шет тілдер институтында жоғары білім алып, ағылшын тілінің маманы болып шығады. Осы жерде Есқали ағайдың ауданымызда ағылшын тілін пән ретінде оқытуды бастаған бірден-бір маман болғанын да айта кеткен абзал. Есқали Байбосынұлы 1965 жылы Көкалат ауылындағы Албарбөгет сегіз жылдық мектебінде еңбек жолын мұғалім болып бастаған. 1968-1972 жылдары Жанкелдин орта мектебінде мұғалім, директордың тәрбие жөніндегі орынбасары болып абыройлы қызмет істейді. Сол жылдары мектеп бастауыш партия ұйымының хатшылығын да қоғамдық негізде қоса атқарады.
1972 жылы Жанкелдин аудандық партия комитетінің ұйғарымымен Торғай кеңшарындағы Аманкелді орта мектебіне директорлыққа тағайындалады. Осы білім ордасына басшылық жасаған сегіз жыл уақытта мектептің оқу-тәрбие жұмысы аудан, облыс көлеміне кеңінен танылады. Аманкелді Имановтың 100 жылдығы қарсаңында мектепте батырдың музейін ашуға мұрындық болып, басы-қасында өзі жүреді. Бұл сол кезеңде мектеп үшін ғана емес, аудан халқының тарихи танымын арттыруда да елеулі жаңалық болатын. Сонымен қатар, типтік жобадағы 420 орындық мектеп үйі мен 120 орындық жатақхананың бой көтеруіне сіңірген еңбегін көз көргендер ұмытқан емес. Мектеп заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, оқу-тәрбие жұмысын тың үрдісте жүргізуге мол мүмкіндіктер туды.
Есқали Байбосынұлының өмір жолын екі кезеңмен қарастыруға болатын сияқты. Әрине алдымен тілге тиек етеріміз білім ордаларындағы ұстаздық әрі басшылық қызметі болмақ. Сосын совет-партия жұмысына жегілген жылдары. Ол кісі қай салада жүрсе де, маңдай терін сорғалатып жүріп, бейнет кешті. Қоғамға жасаған қызметі қалтқысыз. Басты ұстанымы – "Адал еңбек асыл мұратқа жеткізеді".
Біз мектеп табалдырығын аттаған 1980 жылы Есқали ағай Албарбөгет орта мектебіне директор болып тағайындалды. Осы лауазымда табан аудармай он жыл абыройлы қызмет атқарды. Мектеп тарихында балалардың тілін ал-ғашқы боп ағылшынша сындырған да өзі. Біздің де "Эй, Би, Си" деп ежелеп бастаған "инглишіміздің" басында сол кісі тұр. Содан болар "корольдік ағылшын" бір кездері біздің мектептің мерейін асырған күндер болған.
1990 жылы Албарбөгет ауылдық кеңесінің төрағасын тағайындарда таңдау тағы да Е.Байбосынұлына түскен. Есқали ағай бұл лауазымды 4 жыл атқарды. Өтпелі кезеңде елдің әлеуметтік-мәдени жағдайының жақсаруына, тұрғындардың рухын көтеруге, олардың болашаққа деген сенімін арттыруға айтарлықтай үлес қосты. Қоғамдық формациялардың ауысып жатқан тұсына дөп келген "ауыл советтік" қызметінде атқарған шаруасы айтуға тұрарлық. Елім деп өткен есіл ер, Торғайдан шыққан тұңғыш гидротехник Айса Нұрманұлының 100 жылдығын кең көлемде атап өту мақсатында құрылған комиссияға өзі төрағалық жасады. Жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, Албарбөгет орта мектебінде Айса Нұрманұлы музейін аштырды. Ауыл тұрғындарымен бірнеше рет өткізілген жиналыстардың нәтижесінде Көкалат ауылының орталығына Айса атамыздың ескерткіші орнатылды. "Еңбек" кеңшарының атын Айса Нұрманұлының атына ауыстыру туралы сол кездегі Үкімет басшысы Сергей Терещенкоға ұсыныс хат та жолданды. Кейін кеңшарды Айса Нұрмановтың атымен қайта атау туралы Үкімет шешімі шыққанда ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін қуанғаны күні кеше еді. Қарияны бүгінде Айсадай ердің атының көп атала бермеуі қынжылтады. Есқали ағай: "Бара-бара бұл есім ұмытылып кетпесе болғаны. Әзірге көңілге медет Көлқамыс ауылындағы негізгі мектептің Айса Нұрманұлының атымен аталуы ғана. Кейінгі ұрпақ Албарбөгетпен бірге Айсекеңнің де атын білсе екен. Алдағы 2022 жылы Айса Нұрманұлының туғанына 130 жыл толады. Мемлекет тарапынан саяси қуғын-сүргін көрген боздақтарды еске алу үшін кең көлемді іс-шаралар өткізу туралы тиісті құжат қабылданды. Олай болса, Айсекеңнің 130 жылдығына дайындықты осы бастан бастағанымыз жөн. Онда да той тойлау емес, есіл ердің есімін ұлықтайтын іс-шаралардың жоспарын пысықтағанымыз абзал" дейді.
Есқали Байбосынұлы Албарбөгет орта мектебіне он жылдан екі рет басшылық жасаған азамат. Ол 1994 жылы мектептің тізгінін қайыра қолға алып, 2005 жылы зейнет демалысына шықты. Байбосыновтар әулетін ұстаздар династиясы деуге толық негіз бар. Есқали ағайдың сақина алмасқан өмірлік серігі Таня апай Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының түлегі. Филология факультетінің қазақ мектептеріне арналған орыс тілі және әдебиеті бөлімін бітірген білікті маман. Жоғары санатты ұстаз, аға мұғалім. 1980 жылы "Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері" төс белігісімен марапатталған. "Алтын алқа" иегері, батыр ана. Ағай екеуінің мінездері ұқсас, сыйластықтары жарас-қан жұп. Есқали ағайдың байыпты, сабырлы қалпын Таня апайдың орнықтылығы толықтырып тұрады. Отбасындағы жеті баланың төртеуі – Лаура, Сәуле Райгүл, Назгүл, Самал ата-аналарының жолын қуып, мұғалімдік мамандықты таңдаған. Ұлдың үлкені Азамат – кәсіпкер. Қара шаңырақтың иесі Архат – мемлекеттік қызметкер. Бүгінде қос қария бауырынан өрбіген жеті баладан 6 немере, 2 шөбере, 14 жиен сүйіп отырған бақытты жандар.
Тұмасы таза, тегі асыл ортада тәрбие алған олардың да ұстаздық атты мәртебелі сапарда өз жолдарын тапқаны һәм таба берері сөзсіз. Ол жол – баянды бақыт жолы!
Мұхарбек Жәкейұлы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓