Биыл да айрықша тәртіпте


«Өңіріміз «жасыл аймақта» болғанмен, облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен мешіттерде жұма намазы мен тарауих намаздарын оқуға рұқсат етілген жоқ. Бірақ санитарлық талаптарды, әлеуметтік ара қашықтықты сақтай отырып, күнделікті бес уақыт намазды оқуға рұқсат етілген. Биыл да өткен жылғы секілді ауызашар мешіттердің асханаларында толық тоқтатылады. Оның орнына ас-ауқатты үйге жеткізу қарастырылған. Былтыр облыстық мешіт тарапынан әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы және егде адамдар бар 2300-ге жуық отбасының мекенжайына азық-түлік күнделікті жеткізіліп тұрды. Биыл мұндай отбасылар санын 5 мыңға жеткізу жоспарда бар. Пітір-садақа осы жолы да электронды аудару арқылы қабылданады. Садақа салушыларға күн сайын белгіленген уақытта онлайн бата дұғасы берілетін болады. Ол облыстық мешіттің Facebook, Instagram желілеріндегі парақшаларында және YouTube видеохостингінің Қостанай облыстық мешіті арнасында орындалады. Сонымен қатар, күн сайын көпшілікке осы парақшаларда онлайн уағыз айтылады», – деді Бахытбек қажы Нұрғабылұлы.
