Қашықтан оқытудың екі аптасы қалай өтті?

сайтка 11111
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова елімізде қашықтан оқытудың екінші аптасы қалай өткені жайында айтып берді.
«Барлық мектептерде қашықтан оқытудың екінші оқу аптасы аяқталды. Бұл жұмыстың қалыпты жағдайда жүргізіліп отырғанын көріп отырмыз. Бұған дейін айтқанымыздай қашықтан оқытудың бірнеше форматын ұсынған болатынбыз. Осы аптадағы деректерге сүйенсек, 2,4 млн оқушылар мен мұғалімдер интернет платформаларды қолданған. Электрондық журналдар жүйесінде де  оның ішінде ең үлкен жүйе «Күнделік» жүйесінде оқушылар мен мұғалімдердің белсенді түрде істеген жұмыстарын көріп отырмыз», -дейді Шолпан Каринова.
Бұдан соң ол «Балапан» және «Ел арна» телеарналарындағы онлайн сабақтардың өту барысын атап өтті. Сонымен қатар, ол мектеп оқушыларын қашықтан оқытуға дайындалған бейне сабақтарда кеткен қателіктер үшін кешірім сұрады.
-Біз бұл қателіктерді байқап отырмыз. Қашықтан оқыту бізге күтпеген жерден болды, ал мұғалімдер бұған дайын болмады. Көптеген мұғалімдер қатты қобалжыды (бейне оқулықтарды түсіру кезінде). Бүгінгі таңда осы екі апта ішінде 700-ден астам бейне сабақ көрсетілген. Олардың көпшілігі көктемгі демалыста түсірілді, біз осы қателіктер үшін қоғамнан, ата-аналар мен оқушылардан кешірім сұраймыз, – деді Шолпан Каринова онлайн-брифингте.
Оның айтуынша, мұғалімдер тақырыпты түсіндіруде қателіктер жіберген бейне сабақтар қайта өңдеуге жіберілген.
Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желілерде 4-сыныпқа арналған қазақ тілі сабағында мұғалім сөйлем мүшелерін ажырата алмаған бейне сабақ сыналып, кеңінен тараған, сол секілді 1-сыныпқа арналған сабақтарда мұғалім сөздерді буындарға дұрыс бөле алмайды.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓