Әз-Наурыздағы табыстың 7 қыры

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің П.Чужинов атындағы Экономика және құқық институты және «Қостанай облыстық велоқауымдастық» қоғамдық бірлестігі Ұлыстың ұлы күнін ерекше форматта атап өтті. Олай дейтініміз, Наурыз мейрамын ойын-сауықтан гөрі спорт және шеберлік күніне арнап отыр және мерекелік іс-шараны «Табыстың 7 қыры» деп атапты.
– Оның да себебі жоқ емес, алдымен бұл атауды қазақтың қасиетті «7» санымен сипаттап отырмыз. «Жеті қазына» ұғымы да көп нәрсені аңғартады. Ал өзіміздің Наурыз көжеміз жеті компоненттен тұратыны өмірдің жеті элементін білдіреді. Әрбір қазақ өзінің ата-бабасын жетінші буынға дейін білуі тиіс. Елбасының бағдарламалық мақаласы «Ұлы Даланың жеті қыры» деп аталады. Біздің ойымызша, сәттіліктің де жеті жарқын қыры бар, – деді А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ П.Чужинов атындағы Экономика және құқық институтының директоры Әлібек Табулдинов.
Мерекелік шараның кіріспе бөлігі құттықтау-арнауға арналса, келесі бөлігі белгілі спортшылар мен табысқа жеткен бизнес өкілдерінің қатысумен тренингтер, дөңгелек үстелдер және спорттық сайыстарға ұласты. Олар «Бизнесті идеядан қалай жасауға болады?» тренингі, «Асық ату» ұлттық ойыны, «Шахматты бір мезетте ойнау» сеансы, «Рухани Жанғыру – болашаққа бағдар», «Ерлік сабақтары», «Табысқа жетелер жол» дөңгелек үстелдері атауы бойынша білікті мамандар өз шеберліктерін көрсетті.
Оқу ордасының фойесінде велоқауымдастық атынан «Velosalon.kz» велосипедтер көрмесі арнайы ұйымдастырылыпты. Оларды ұсынған – «Велотехника» дүкенінің иесі Андрей Урюмцев.
– Біз жалпы халық болып мәдени-рухани қазыналарымызбен қатар, спортымыздың да дамуын әрі қарай жалғастыра беруіміз керек. Біздің қауымдастық мүшелері де жастарға дұрыс жол көрсету, тәрбие беру, жетістіктерімізбен бөлісу мақсатында осы шараны ұйымдастыруға атсалысып отырмыз. Ертең олар да ізімізді басып, салауатты өмір салтын ұстануға ұмтылатын болады. Ал қазіргі заманда экологиялық ең таза, денсаулық үшін таптырмас спорт құралы әрі көлігіміз – велосипед. Әсіресе, пандемия кезінде жұртшылық жаппай осы велосипедке көшті. Еуропарлементте қазір туризмді дамытуға, елдердің тарихи-мәдени, географиялық құндылықтарын неге велосипедпен араламасқа деген мәселе көтеріп жатыр. Ол үлкен қолдауға ие болды, – дейді облыстық велоқауымдастықтың төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Бауыржан Тебеев.
Екі дөңгелекті көлікті тізгіндеп, жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүрген жерлестеріміз аз емес. Солардың бірі – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, маунтинбайк бойынша Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының қола жүлдегері, Әлем кубоктері мен чемпионаттарының қатысушысы, Қазақстан құрамасының бас бапкері Артем Головащенко бар. Ол 15 жасынан бастап велосипедпен жүреді. Жалғыз өзі Қостанай-Қырым бағыты бойынша 3000 шақырымнан астам астам жүріп өткен.
Наурыз мерекесінің құрметіне ұйымдастырылған спорт және шеберлік күніне арналған шара мәресіне жетіп, белсенділік танытқан қатысушылар арнайы марапатталды.
 

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓