Мазмұнды құжат, мәнді жиын

Облыс әкімдігінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауы талқыланды. Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов маңызды құжатта айқын да, абыройлы міндеттердің қойылғандығын атап өтті.
– Баршамыз бірігіп, белгіленген өзекті міндеттерге сүйене отырып, әрбір салада нақты жоспарлар құруымыз керек. Бұл тапсырмаларды іске асыру – елімізді дамытудың жаңа сапалы кезеңіне шығуына негіз болады. Халық бірлігі және жүйелі реформаларды ел өркендеуінің берік негізі деп түсінуіміз қажет. Қазір күн тәртібінде жер қойнауын пайдалану, АӨК, цифрландыру, әлеуметтік сала, аймақтық даму, экология, азаматтық сектордың дамуы, жергілікті өзін-өзі басқару және ұлтаралық қатынастар мәселелері талқылануда. Жолдаудан соң осы заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, экономиканың барлық салаларын және елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғырту бойынша басым мақсаттар анықталды. 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары қабылданды. Әрине, бұл тұрғыда «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» сияқты бағдарламалардың жалғасатыны маңызды, – деді Архимед Бегежанұлы.
Иә, Жолдауда әлеуметтік-қоғамдық мәселелер жан-жақты талқыға түсті. Мақсат бір – халықтың әл-ауқатын арттыру. Қойылған межеге қол жеткізу үшін ел Президенті 5 бастаманы айқындап берді. Біріншіден, ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру қажет. Соңғы рет көрсеткіш 2018-де артып, 42 500 теңгені құрады. 2022 жылдың 1-ші қаңтарынан ол 60 мың теңгеге дейін ұлғаймақ. Қолға алынған шараның игілігін 1 млн отандасымыз көретін болады. Оған қоса, бастама еңбек етіп жүрген азаматтардың барлығына да жанама оң әсерін тигізбек.
– 6,5 млн-нан астам қазақстандық – жалдамалы жұмысшылар. Олардың жалғыз кірісі – айлықтары. Соңғы 10 жылда еңбекақы қоры кәсіпорын иелерінің табысынан 60 пайызға артта қалғанын көруге болады. Осы орайда бизнесмендерді қол астындағы қызметкерлердің жалақысын көтеруге шақырамыз. Ал, Үкімет мұндай іскер жандарға сатып алуларда жеңілдік қарастырып, мемлекеттік қолдауда басымдық беретін болады, – деді халыққа арнаған Жолдауында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Рас, жалақы осыған дейін де өсірілді. Өзгерістер әсіресе, педагогтар, дәрігерлер мен әлеуметтік сала қызметкерлеріне қатысты болды. Осылайша, 2020 жылдан бастап жалпы саны 600 мыңнан аса қазақстандықтың қаржылық жағдайы жақсарды. Бұл бағыттағы шаруа биыл да жалғасын таппақ.
Маңызды бағыт – «Қарапайым заттар экономикасы». Архимед Мұхамбетов айтқандай, жыл басынан бері осы бағдарлама шеңберінде 231 жоба қаржыландырылды. Осының арқасында облысымыз республикада алдыңғы қатарға шықты.
– Мемлекет басшысы қаржыны тиімді басқару, өңдеу өнеркәсібі тауарларының экспорты, шикізат тауарларының бағасын дұрыстау жөніндегі тұжырымдаманы әзірлеуді тапсырды. Аталмыш мәселелерді шешу аймақтық экономиканың одан әрі дамуына ықпал етеді. Қостанай облысында машина жасау (25,4%) және металлургия өндірісі (20,7%) өнімдері өндірісінің ұлғаюы есебінен осы өңдеуші өнеркәсіп 15,1% – ға артты. Цифрландыру мәселелері басымдыққа ие болды. Оның ішінде IT-мамандарын даярлау, оқу бағдарламаларына бейімдеу, мемлекеттік органдардың бизнес процестерін қайта форматтау, ғылымды қолдауды атап кетуге болады. Денсаулық сақтау, білім беру сапасын арттыру, өңірлік саясатты жетілдіру үшін ауқымды міндет қойылған. Біріншіден, назарымызды әлеуметтік-экономикалық дамудағы теңгерімсіздікті төмендетуге аудару керек. Өңірге тән міндеттерді жалпыұлттық басымдықтармен дұрыс үйлестіреміз. Биылдың өзінде біз 2 қалада (Қостанай, Арқалық) және Қарасу ауданында жылу және электр энергиясымен қамтамасыз ету жобаларын бастап кеттік. Арқалық, Рудный қалаларында және Әулиекөл ауданының Аманқарағай ауылында жылу жүйесі жаңғыртылды. Мемлекет басшысы қойған тапсырмалардың барлығы еңбек нарығында тиімді экожүйені қалыптастыруға, қоғамдық қатынастарды жақсартуға мүмкіндік беретінін айтқым келеді, – дейді аймақ әкімі.
Жолдауда Мемлекет басшысы тауар өндірушілерді қолдау мен жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше назарын аударған болатын. Бұл бағытта облысымызда ауқымды жұмыстар қолға алынуда. «Жас-Қанат-2006» ЖШС бас директоры Қайрат Майышевтің сөзінше, қазір билік пен бизнес-сектордың арасында жақсы түсіністік қалыптасқан. Нәтижесінде өңірлерде іске асырылатын инвестициялық жобалар көбейген. Мысал ретінде «Poultry-Agro» ЖШС бройлер құс фабрикасының инвестжобасын айтуға болады.
– Бірінші кезеңде жобаның құны 5,8 млрд.теңге болады. 12 құс үйі, құрама жем зауыты, құс етін сою және өңдеу цехы толық қалпына келтіріліп, штаттық режимде жұмыс істейді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жоғары, жылына 6 мың тонна бройлер етін шығарады. Жоба толық іске асқанда 283 жаңа жұмыс орны құрылады. Тиісінше, бюджетке салық түсімдері көбейіп, қызметкерлердің әлеуметтік төлемдері өсті. Инвестициялық жобаны іске асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етті. Екінші кезеңде шамамен 4,4 млрд теңге инвестиция салынады, нәтижесінде 150-ден астам қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік алдық, – дейді кәсіпорын басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамытудың басым бағыттарын атап көрсетті. Тұтастай алғанда агроөнеркәсіпті кешенді өркендету жолға қойылмақ. Соның ішінде атакәсіп – мал шаруашылығын табысты әрі тиімді дамыту үшін жайылымдық және шабындық жер мәселесін оңтайлы шешуге назар аударылуы тиіс. «Львовский Колос» ЖШС директоры Андрей Двуреченский соңғы кездері қуаңшылықтың салдарынан шаруалар қиындық көріп жатқанын айтты. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығындағы тың өзгерістер шаруаларды қолдауға септігін тигізеді.
Бұдан бөлек, Жолдауда аграрлық саланы одан әрі ілгерілету үшін басымдық бағыттар айқындалған. Мал бағу, егін егу, өнім өңдеумен шұғылданатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларының ауқымын кеңейтуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуі қажет. Әсіресе, оларға жеңілдетілген пайызбен несиелер берілмек.
Облыс активі білім беру саласындағы өзгерістер мен құқықтық қатынастар тақырыбын да талқыланды. Жиын соңында Архимед Мұхамбетов алда ауқымды жұмыстар күтіп тұрғанын, жоспарларды тиімді құру керектігін баса айтты.
– Жақында Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар жарияланады. Қала мен аудан әкімдері жолдауды түсіндіру бойынша идеологиялық активтер өткізіп, әрбір бағытқа талдау жүргізулері керек. Облыстың әрбір тұрғыны Жолдаудың негізгі ережелерін нақты түсінуі керек. Жергілікті әкімдіктер осыған жағдай жасауы тиіс. Эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет, – деді Архимед Мұхамбетов.
Облыс әкімі өзінің орынбасарларына салалық басқармалар мен департаменттер басшыларымен, әкімдермен бірлесіп Жолдауды іске асырудың алдағы жоспарларын айқындауды тапсырды.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓