Өнері өрге оздырған

Тәуелсіздіктің төл құрдасы, егемендікпен ежеттес… Жас мемлекеттің жаңа тарихында осындай құрметке ие буын қалыптасты. Бір жақсысы, мұны мақтаныштан гөрі жауапкершілік деп түсінетін азаматтардың көп екені қуантады. Сондай жандардың бірі – әнші, термеші, Қарабалық ауданы Мәдениет үйінің директоры Қаныбек Әли. Бүгін осы өнерпазды оқырмандарымызға етене таныстырғымыз келеді.
Қаныбек – Торғайдың тумасы. Ел егемендігінің елең-алаң шағында, 1991 жылы 11 қарашада Жангелдин ауданының Тәуіш ауылында дүниеге келген. Сол ауылдағы Қаратүбек орта мектебінен білім алды. Оқушы кезінен-ақ әншілік қабілетімен елене бастаған. 2009 жылы Қостанай педагогикалық колледжінің музыка бөліміне оқуға қабылданып, студент шағында қабілетін ұштап, дарынын шыңдай түсті. Оған оң бағыт-бағдар берген осы оқу орнындағы тәлімгерлерінің еңбегі зор. Мәселен, өңірге белгілі музыкант Азамат Мұқатовтың жетекшілігімен колледж қабырғасында құрылған «Өмір» тобында өнер көрсетіп жүрді. Соның арқасында ауқымдырақ сахналарға жолдама алды. Сол кезде бұл топ бірнеше байқаудан қомақты жүлдемен оралып жүрген екен. Қаныбектің өзі де осы шақтарда көрермен көзайымына айнала бастаса керек… Бірақ ол оқу бітірісімен сахнаны мұғалімдікке айырбастапты.
«2012 жылы колледжді тәмамдаған соң Алтынсарин ауданындағы Первомай ауылының Маяковский орта мектебінде музыка пәнінің мұғалімі болып қызмет атқардым. Бұл да маған аз тәжірибе болған жоқ, – дейді Қаныбек. – Дегенмен бір жыл өткеннен кейін мұғалімдікпен қош айтыстым. Оған себеп болған жайт – 2013 жылдың сәуір айында Алтынсарин аудандық мәдениет үйіне Біржан Жүзбай және Айбек Сыздық сынды өнерпаз ағаларымның жұмысқа шақыртуы еді. Бұл ортада да шығармашылық тұрғыда шыныға түстім дей аламын. Әсіресе, мәдениет үйінде жұмыс атқарудың қыр-сырына қанығып, көп жағдайды үйрендім».
«Махаббат болмай талап жоқ» демекші, өнерге деген құлшыныс-талпынысы оның өз ортасында көзайымға айналуына ықпалын тигізді. Қазақтың дәстүрлі өнерін де, эстрада жанрын да биік сахналарға алып шығып жүрді. Қалыптасқан маман кейін Қарабалық ауданына қызмет бабымен ауысып келді. 2018 жылдың тамыз айынан бері осындағы мәдениет үйінде жұмыс істейді. Алтынсарин ауданынан алған тәжірибе арқасында тез сіңісіп кетті. Жетістіктер де аз емес. Мәдениет үйі жанынан құрылған «Асыл мұра» қазақ ұлт аспаптар ансамблінің жетекшісі болды. Аталмыш ансамбльмен облыстық байқау, фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрді.
«Тағы бір айта кететін жайт – мен осы ауданға келгелі өзімді басқа бір қырымнан таныдым, ол – жыр-терме жанры. Облыстық жыршы термешілер байқауларына қатыса бастадым. Әрине, бастапқысында қиын болды. Терме жаттау, нақышын тауып орындау деген секілді көптеген қырларына машықтанғанша аз тер төгілген жоқ. Дегенмен алдыма қойған мақсатыма жете алдым деуіме болатын шығар. Осы жанр бойынша облыстық байқауларда жақсы нәтижелерге қол жеткіздім», – деп баяндап берді ол. Қаныбек қазіргі уақытта Қарабалық аудандық мәдениет үйінің басшысының міндетін атқарып жүр. Алға қойылған жоспар бойынша істеп жатқан жұмыс жеміссіз емес дейді әріптесіміз. Өңірдің мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне қосып жатқан еңбегін жергілікті басшылық та ескерусіз қалдырмаған. Өткен жылы Қарабалық ауданының жастарының алтын кітабына есімі еніпті.
«Мен «Жұмысы көп адам ғана бос уақыт таба алады» деген пәлсапалық нақылға сенемін. Қызмет деп жүріп өзімнің жеке шығармашылығымды ескерусіз қалдырып көрген емеспін. Үнемі қара домбырам қолымда, қоржынымды жаңа әндермен, жыр-термелермен толықтырып отырамын. Оның үстіне, Алтынсарин ауданында қызмет атқарып жүргенде Серік Алпысов деген досым екеуміз құрған «Қассақ» деген тобымыз бар. Этно әндер бағытындағы бұл дуэтімізге осы атауды айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев ағамыз қойып берген еді. Ққазіргі уақытта репертуарымызда үш ән бар: «Ер Кейкі», «Сақ патшайымы – Томирис» және «Абылайдың арманы». Ән қорын әлі де жақсы туындылармен толықтыруды жоспарлап жүрміз», – дейді дарынды әнші. Қаныбектің түсінігінде Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғыну үшін қай жылы туғаның маңызды емес.
«Ең бастысы, бүгінгідей бейбітшілік пен келісім, татулық пен жарасым орнаған елде өмір сүріп, ашық аспан астында тіршілік кешкен барлық қазақстандық – бір кемедегі тағдырлас. Оның бағдарынан жаңылмай, тербеліп-теңселмей алға жүзуіне әрбіреуі жауапты. Ол үшін әркім өз ісін адал атқаруы керек. «Сөзден гөрі әрекеттің дауысы қаттырақ естіледі» деген сөз бар ғой. Егемендікті сөзбен емес, іспен қорғайтынымызды көрсетуіміз қажет. Әр ұрпақ өзіне жүктелген миссияны тиісті жеріне жеткізіп отыруы тиіс. Мемлекетті, ұлтты сүю деген сол», – деп ойын түйіндеді Қаныбек.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓