Жер халықтікі!

Ақпан айында  мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық кеңестің отырысында еліміздегі ауылшаруашылық  жерлерін  шетел азаматтарына сатуға тыйым салуды заңдастыруды тапсырған еді. Енді міне Президент жерді шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға сатуға, жалға беруге тыйым салатын заң жобасын Мәжіліске жіберді. Бұл өте дұрыс шешім. Қазақтың жері ешқашан сатылмауы керек. Тіпті, өз адамдарымызға да сату дұрыс емес. Халқымыз жерді Анаға теңейді. Ал анасын сатқан адамды көрдіңіз бе?! Құдайға шүкір, ұлан-ғайыр даламызда жер жетеді. Дені құнарлы. Шетелдіктердің көзін сатып отырғаны осы. Біз Еуропаға еліктемеуіміз керек. Еліміздің өз жолы бар. Жерді сатып, пайдаға кенелді дегенді әлі естігенім жоқ. Әрі-беріден оң бұл өте қауіпті процесс. Сондықтан, Президент дұрыс айтып отыр. Бағзыда ата-бабаларымыз тулақтай жер үшін жанын қиды. Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан кең жазира дала сол ата-бабаларымыздың қанымен келген сый. Біз ендігі жерде содан айырылмауымыз керек. Жерді шетелдіктерге сатсаң  иә болмаса жалға берсең, кім біледі, кейін халықаралық мәселе туындауы да ғажап емес.  Құдай оған жеткізбей-ақ қойсын. Оны Қазақстан азаматтарына сату мәселесіне де қарсымын. Ешкім көтеріп әкете қоймас, дегенмен, ол ертең немесе арғы күні біреуден екінші біреуге ауысады. Қазір жан-жағымызда бөтен пиғылдылар жетіп жатыр. Кімнің ішінде не барын алла біледі.  Мен республикалық Жер комиссиясының мүшесімін. 2016 жылы комиссия екі аптадай осы мәселені жан-жақты талқылаған еді. Сонда біз жерді шетелдіктерге сату мәселесіне бірауыздан қарсы шықтық. Кейін Елбасы мараторий жариялады. Жоғарыда айтқанымдай, қазақта құйқалы жер жетеді. Кешегі кеңес үкіметі кезіндегімен салыстырғанда қазір бір гектардан бірнеше есе жоғары өнім алуға болады. Оны ешкімге сатпай-ақ, өз азаматтарымыз да үлгірте алады. Бізде қаншама мықты, қолынан іс келетін азаматтар бар. Міне, соларға ұзақ мерзімге жалға беру керек. Жерді жалға алған адам оған өзінің жеке мүлкіндей қарайды. Күтіп, баптайды. «Баптай білсең, жер-жомарт!» деген сөз бар қазақта, жерді аяласаң ғана, жемісін аямайды.  Ал қалай болса, солай қарасаң, ол жер азып кетеді. Сондықтан, әзірге бүтін тұрғанда оны көздің қарашығындай сақтау һәм қорғау – Президенттен бастап бәріміздің ортақ парызымыз деп санаймын.  Жер халықтікі! Көптен бері сөзбұйдаға салынып келе жатқан мәселеге мемлекет басшысы осы жолы нүкте қояды деп сенемін.
 

Сайран БҰҚАНОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері,
республикалық жер комиссиясының мүшесі

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓