14 мың түп ағашты заңсыз кескен
Бұл қылмыс прокурорлық тексеріс барысында анықталды. Кінәлі мердігер отаған ағаштан 20 есе артық көшет отырғызуға міндеттелді.
Тексеріс нәтижесі көрсеткендей, "Таза Жол АТ" ЖШС құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде жасыл желекті күтіп-ұстау және қорғау тәртібінің талаптары өрескел бұзылған. Бұл істі сот қарады.
"2020 жылы құрылыс жұмыстары кезінде құзыретті органның, яғни Қостанай ТКШ бөлімінің рұқсатынсыз 14 579 ағаш кесілген. Прокурорлық шаралар арқылы осы мердігерлік ұйымға сот тәртібімен 280 520 ағаш отырғызу міндеттелді", — деп хабарлайды прокуратура қызметкерлері.
Іс материалы бойынша, мердігер ұйым мұндай заңсыздыққа облыс орталығындағы Притобол саябағын салу кезінде барған. Ал бұл нысанға бюджеттің 1,1 млрд теңгесі шығындалған еді.
"Орындалған жұмыстар актісіне 2020 жылдың 15 желтоқсанында қол қойылды. Ал 2021 жылдың тамыз айында прокуратура Қостанай қаласының әкіміне ереже бұзушылықтарды жою туралы шаралар қабылдау ұсынысын жолдады. Бұдан соң сот процесі 2021 жылдың қазан айынан бастап, 2022 жылдың 29 наурызына дейін созылды. Әрине, мердігерге қарсы шешім шығарылды", — делінеді прокуратура хабарламасында.
Айып арқалаған "Таза Жол АТ" ЖШС-нің 280 520 түп ағашты қай жерге егетіні әзірге белгісіз.