Зергер Жайсан
Бүгінде арамызда қазақтың ұлттық қолөнерін жалғап жүрген шебер зергерлер аз емес. Солардың бірі – Арқалық қаласының тұрғыны Жайсан Елдосұлы. Қолөнершіге бұл қасиет нағашысы, кәсіби зергер Ерлан Ареновтан дарыған. Ол бұл кәсіпке қызығушылық білдірген соң, нағашы ағасы да қолдау жасаған. Бүгінде Арқалық қаласында өзінің шағын шеберханасы бар. Қазіргі таңда шебер алтын, күміс, мыс, мельхиор, металдарын пайдаланып, сан алуан әшекей бұйымдар жасайды. Сондай-ақ, таза былғарыдан қамшы да өреді."Бұрындары біздің халқымызда қолы алтын зергерлер көп болған. Ондай кісілер әрбір ауылда кездесіп жататын еді. Беріде ондай адамдар қатары кеми түсті. Бүгінгі ұрпақ сол өнердің бағасын біле бермейді. Сол себепті, біз осы өнерді жастардың жадында сақтауға мән бергеніміз жөн. Зергерлік өнер өте ыждаһаттылықты қажет етеді. Ол үшін әрбір адам оның ұңғыл-шұңғылына дейін үңілуіне тура келеді. Бұл өнерге менің қызығушылығым оянып, тиыннан сақина соғып бастаған уақытта «Ерлан әке» деп атап кеткен нағашым бағыт-бағдар берді. Бастаған кәсібімнің қазір жемісін көріп отырмын. Ұстазыма айтар алғысым шексіз", – дейді қолөнер шебері.
Жайсанның қолөнермен айналысқанына бес жылдың жүзі болып қалған. Жас зергердің туындыларына ерекше бағалайтындар аз емес.
"Зергерлік бұйымдарымды «yuvelirnaya_masterskaya01» инста парақшасынан тамашалап, егер қазақи әшекейлер қажет болса, сол жерден тапсырыс беруге болады. Бағасы да қолжетімді", – дейді Жайсан.