Сапаға сай сұраныс
Амангелді ауданында бұрынғы «Алдияр» дәмханасы қайтадан жабдықталып, «Хан маркет» болып ашылған болатын. Ерекшелігі сол, бұл сауда үйінде заманауи пештермен жабдықталған наубайхана бар. Казіргі таңда нан пісіру сапасы жағынан халықтың сұранысына ие болып үлгірді. Аудан тұрғындарының күнделікті тапсырысын жеткілікті көлемде қамтамасыз етіп отыр. Бұл туралы аудандық "Амангелді арайы" газетінің тілшісі жазады.– «Хан маркет» сауда үйінің иелері – ерлі-зайыпты Ержан мен Жансая Токулиндер. Дүкенде халыққа керекті азық-түлік, жеміс-жидек, балалар ойыншықтары және басқа да тұрмыстық заттар сатылады. Наубайханаға екі адам жұмысқа орналасқан. Сөреде бөлке нан ғана емес, батон, бәліштердің түр-түрі, самса сияқты тәтті нандар да самсап тұрады. Аудан бойынша нан пісіру сапасы жағынан бірінші орындамыз деп мақтанышпен айта аламын. Сапа болған соң сұраныс та артты, – дейді «Хан маркет» сауда үйінің сатушысы Рымбек Досымов.
Мұнда күніне 300- дей нан, 150 тоқаш пісіріліп сатылады. Казіргі таңда күніне 3-4 рет тапсырыс қабылдап, түрлі самса, бәліш, торт, рулет сияқты өнімдер әзірленеді. Бәрі де тапсырыс берушілердің талабы бойынша әр түрлі формада пісіріледі екен. Баға да қолжетімді. Алтын қолды аспаздар – Гүлзәуреш Ержанова мен Нұргүл Қалыбаеваға жергілікті жұрт тәнті. Мұның сыртында маркетте ІҚМ еті сөреден босамайды. Тұшпара, туралған ет және шұжықты да өз қолдарымен жасайды.