Рух берген «Рухани жаңғыру»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан төрт жыл бұрын жарияланған мағына жағынан ауқымды мақаласы жыл өткен сайын қанат жайып, өрісі кеңейіп келеді. Қазіргі таңда мемлекеттің жоғары басқару орындарынан шалғайдағы ауылдарға дейін жаңғырудың жаңа жолымен жүріп келе жатыр. Жер-жерде үлкен науқандар қолға алынып, тың жобалар жүзеге асырылуда. Халықтың жаңару дәуіріне бастама болған мақаладан кейін арнайы орындар ашылып жатыр.
            Лисаков қалалық ішкі саясат бөлімі жанынан «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі құрылғалы бері ауқымды жобалар атқарылуда. Аталған мекеменің меңгерушісі Айман Қадырханова бағдарлама шеңберінде жүзеге асатын жаңа жобаларымен бөлісті.
           
            Арт-мурал салынады
  «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында биыл 46 жоба,  255 іс-шара жоспарланған. Жыл басы басталғаннан бері «Көркейе бер, Қостанай!» кіші бағдарламасы  бойынша әзірге екі шараның біреуі өтті. Ал екіншісі жалғасуда. Соның бірі – ауыз толтырып айтатын қайырымдылық шара «Дон Мар» ЖШС Октябрь кентінде аз қамтылған Е.Покровская, Е.Кузнецова, А.Туленбаева, Л.Вебер, В.Приз, Смольниковтер отбасына газ құбырын өз қаражатымен өткізіп берді
Биыл қаламыздың тумасы, жерлесіміз Альберт Раудың бастамасымен тұрғын үй қасбетіне "Ұлы даланың Ұлы есімдері", Тәуелсізідігіміздің 30 жылдығы мен  Лисаков қаласының негізі қаланғанына 50 жыл толуы қамтылған арт-мурал салу қолға алып отыр, –  дейді Айман Қадырханова.
 
            Алғашқы қатысушы  – Екатерина
            «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай басталған «Рухани жаңғыру – отбасынан басталады» фестивалі жалғасуда. Мақсаты – қала тұрғындарының арасында қазақ тілінде сөйлей білетін немесе қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық тағамын және қолөнерін сақтап, оның тәрбиелік мәнін насихаттап жүрген өзге ұлт өкілдерінің отбасыларын анықтау және үлгі ету. Фестиваль қорытындысы 1 наурыз – Алғыс айту күні шығарылатын болады. Қазір елдегі пандемияға байланысты бұл шара онлайн түрде өтуде. Әрбір қатысушы өзі туралы, ұлттық тағамның әзірленуі жайлы шағын бейнеролик түсіріп, ол «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің әлеуметтік желілерінде және YouTube хостингіндегі «Ruhani Jangyru Lisakovsk» арнасында жұртшылық назарына ұсынылуда.  
            Фестивальдің алғашқы қатысушысы – Екатерина Алмағамбетова. Ол Лисаков қаласындағы «Нұрлы жол» бөбекжай-бақшасында тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істейді. Көп балалы ана. Перзенттерінің үлкендері студент. Қалған екі ұлы №3 мектепте оқиды. Биыл жұбайы Қуанышбек Алмағамбетовпен отау құрғанына – 20 жыл. Қазақтың отбасына келін болып түскенде аса қатты қиналмағанын айтады. Қазір ол халқымыздың салт-дәстүрін, ұлттық тағамдарын бір кісідей біледі.
            -Мен барлығын тәжірибе барысында үйрендім. Қазақтың салт-дәстүрлері көп болғанмен де, бәрін ақырындап үйреніп кеттім.  Қазір дәстүр-жоралғыларды өте жақсы білемін. Себебі, ұлттық мейрамдарды үйде, отбасымызда қарсы алып тұрамыз. Қазақтың ұлттық тағамы бауырсақ пісіруден бастап, ет аса аламын. Қолымызда енем бар. Ол өте жақсы, мейірімді, ашық-жарқын кісі. Білмеген дүниемді ақылға салып, барлығын сабырмен үйретеді. Біреулерге жат көрінер, дегенмен өзім енемді қатты сыйлаймын. Құдайға шүкір, енемнің мектебінен өткен мен де дәл сол кісідей болуға тырысып келемін, -дейді ол.
 
             Медициналық құрал-жабдықтармен толықты
            Моноқалада өткен жылдың аяғында COVID-19 індетінің алдын-алу мақсатында «Шағын және орта бизнесті дамытудың оңалту қоры» ҚҚ, «Лисаковрудстрой» ЖШС және қалалық аурухана арасында үш жақты меморандумға қол қойылды. Соның арқасында қалалық аурухана медициналық құрал-жабдықтармен толықты. Көптен күткен медициналық жабдық орталық қалалық ауруханаға жеткізілді. «Көркейе бер, Қостанай!» жобасын іске асыру аясында Лисаков қаласының «Шағын және орта бизнесті дамытудың оңалту қоры» ҚҚ «Арай Холдинг» ЖШС-нің атынан медициналық жабдықтарды сатып алуға 3 миллионға жуық теңгені аударды. Медициналық құрал-жабдық ВМ 1 жинақы (Bionet, Корея) екі мониторынан және «Элема-Н АМ1М» 2 хирургиялық сорғышынан тұрады.
            ВМ1 аппараты күрт нашарлаған жағдайда науқастың параметрлерін бақылауға мүмкіндік береді. «Элема-Н АМ1М» сорғышы операция кезінде және операциядан кейінгі кезеңде жаралар мен қуыстарды сұйықтыққа, сондай-ақ вакуумға негізделген басқа процедураларға арналған.
            Бұдан өзге, пандемия кезінде Лисаков қалалық мешіті ұйымдастырған «Өмірге үміт сыйла» қайырымдылық акциясына қатысқан 50 қала тұрғынынан жиналған қаражатқа Y007-5W оттегі концентраторы сатып алынды. Сонымен қатар, қала кәсіпкерлері «Ауруханаға көмек» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Осы акция аясында медициналық қызметкерлерге ауыз су, мецидиналық маскалар, кеңсе тауарлары, төсек-орын жабдықтары, сондай-ақ, 20 дана пульсоксиметр, 40 дана респиратор берілді.
Сондай-ақ, басқа қаражат көздері арқылы аталған емдеу орнына ауадай қажет болып тұрған өкпені жасанды дем алдыратын жалпы 5 қондырғы алынды. Оның төртеуі «Biyovent» қазақ-түрік өндірушілерінен және неміс құрылғысы «Дексион» аппараты. Екі монитор қабылданып алынды. Бірақ олар қазір жұқпалы аурулар станционарында. Сонымен қатар 1 медикаментозды шприцті «Дозатор» сатып әкелінген. Бұл медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетуде. Ақ халаттылар мұндай таптырмас дүниелер ауруханаға жұқпалы аурумен түскендердің тыныс алуына көп көмегін тигізіп жатқанын айтады.
            – «Biyovent» тасымалдауға өте ыңғайлы аппарат. Бұған қоса, бұл құрылғы оттегін айтарлықтай үнемдейді. Қазіргідей пандемия жағдайында үлкен сеп болып тұр. Аппараттың қызметі біздің ақ халатты әріптестеріміздің жұмысын барынша жеңілдетті. Мониторы бар құрылғы пациенттің жағдайын бақылауда ұстайды. Қан қысымы, тамырлардың соғуы, дене температурасы және электрокардиографиясын түсіріп көрсетеді. Осы көмегі үшін серіктестікке, оған дәнекер болған жергілікті әкімдікке айтар алғысымыз зор! – дейді Лисаков қалалық ауруханасының жансақтау бөлімшесінің меңгерушісі Ерден Мұрзахметов.
 
            Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
            Лисаков қаласы.

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓