ЛАТЫН ӘЛІПБИІ: жетілдірілген жаңа нұсқа

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізді. Онда латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы ұсынылды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
"Жетілдірілген әліпбиде әріп саны – 31, әліпби тек латын әліпбиі базалық жүйесі таңбаларынан құралған. Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Қазіргі ә(ä), ө(ö), ү(ü), ұ(ū) және ғ(ğ), ш(ş) қазақ әріптері диакритикалық таңбалармен берілген. Әліпбиде халықаралық тәжірибеде қолданыста бар умляут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧), бревис ( ̌ ) диакритикалық таңбалары қолданылған", – делінген хабарламада. 
Осы отырыста қазақстандықтар қазақ тілінің латын қарпіндегі жаңа әліпбиіне қашан көше бастайтыны белгілі болды. Үкімет басшысы айтқандай, жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 – 2031 жыл аралығын қамтиды деп жоспарланып отыр. Әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан "бір дыбыс – бір әріп" принципіне толық сәйкес келеді. 
"Жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдістерге сай жаңғыруына ықпал етеді. Алдағы уақытта қазақ тілін латын графикалы әліпбиге кезең-кезеңімен көшіру бағытында қарқынды жұмыс жүргізу керек", – деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы латын графикасы негізіндегі қазақ тілі әліпбиін жетілдіру бойынша халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. 
Сонымен қатар, қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы пернетақтада қалай орналасатыны көрсетілді.  

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓