ЖАСТАРҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУДА
Облыс әкімдігінде өткен селекторлық кеңесте "Дипломмен ауылға" бағдарламасының жүзеге асырылуы талқыланды. Бұл жөнінде аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов өзінің Инстаграм парақшасында мәлім етті.
Жас мамандарды қолдау мақсатында, оларға үй сатып алу немесе салу үшін, 15 жыл мерзімге жылдық 0,01% мөлшерінде 1500 АЕК (4 млн 167 мың теңге) көлемінде көмек қаржысы беріледі. Сондай-ақ, 100 АЕК (277,8 мың теңге) мөлшерінде бір реттік жәрдемақы беру қарастырылған. Осындай мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде, бағдарлама қолға алынғалы ауылдық жерлерге 5,1 мыңнан астам маман барған. Оларға бас-аяғы 6,1 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілген: көтерме жәрдемақы төлеуге бюджеттің 618 млн теңгесі кетсе, қалған 5,5 млрд теңгесі тұрғын үй сатып алуға жұмсалыпты.
– Жастардың баспана мәселесін шешу мақсатында, биыл республикалық бюджеттен 1 млрд 495,2 млн теңге бөлінді. Бұл былтырғы жылдың көрсеткішінен 55% – ке жоғары, – дейді Архимед Мұхамбетов. – Ал, бір реттік жәрдемақы беру мақсатында бюджеттен 117 млн теңге қарастырылған. Қаражат 421 маманға жетуі тиіс. Қазірдің өзінде 34 жас маманға 9,4 млн теңге берілді. Үй тұрғызуға 80 жас ынта білдірді. Оларға 324,9 млн теңге көлемінде несие беру жоспарланған. Үй салғысы келетіндердің 39-ы ұстаздық қызметте болса, 23-і денсаулық сақтау саласының мамандары.
"Дипломмен ауылға" бағдарламасы аясында облыстың білім беру саласы 3590 жас маманмен толықты. 3373 маманға 410,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақысы төленген. 1466 педагогтың баспана мәселесін шешуі үшін 3,5 млрд теңге сомасына несие берілген.
Облыстың мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесіне 15 мың маман жұмылдырылған, оның 1900-ы дәрігер, 6 мыңнан астамы медбике қызметін атқаруда. 2019 жылы өңірге 265 жас маманның келгендiгiн атап өткен жөн. Ақ халаттыларды қолдау мақсатында, өңірде ауыз толтырып айтарлықтай істер тындырылуда. Мәселен, ауылдық жерде еңбек ететін 82 маманның әрбіріне 1,5 млн теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы берілген. Осы мақсатта жергілікті бюджеттің 123 млн теңгесі жұмсалыпты. Ал қалалықтарға 1 млн теңгеден көтерме ақы төлеу қарастырылған.
Жиында көтерілген мәселелердің бірі – Жұмыспен қамту жол картасының жүзеге асырылуы. Осы орайда, Алтынсарин, Жангелдин, Жітіқара, Меңдіқара және Федоров аудандары мен Лисаков қаласы әкімдерінің мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру бойынша есептері тыңдалды.
Жоспарланған жобалар бойынша мердігерлік ұйымдар анықталып, мемлекеттік сатып алу шарттары жасалды. Іске жұмылдырылған ұйымдарға "Жұмыспен қамту жол картасының" жай-жапсары толықтай түсіндіріліп, халықты жұмысқа тарту бойынша міндеттемелер жеткізілген. "Жұмыспен қамту жол картасы" аясында 53,7 млрд теңгенің 275 инфрақұрылымдық жобасы жүзеге асырылуы тиіс.
Айтулы бағдарлама шеңберінде еңбек орталықтарының күшімен 7 мыңнан астам жұмыссызды еңбекке жұмылдыру көзделген. Жалпы, бағдарлама аясында 13,7 мыңнан астам адам нанын тауып, нәпәқасын айырмақ.
Жиын соңында аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне, мемлекеттік мекеме басшыларына «Жұмыспен қамту жол картасы" аясындағы жобаларды іске асыруды бақылауда ұстауды қатаң тапсырды. Сондай-ақ, "Дипломмен ауылға" бағдарламасы аясында ауылдық жерге мамандарды тарту, жастарды қолдау шараларын күшейту керектігіне назар аударды.