Қос ғасыр куәгері
Екінші дүниежүзілік жылдарында Жеңісті жақындату жолында аянбай тер төгіп, ел мен жер үшін тыл еңбеккерлерінің жұмысаған қажыр-қайраты да ерен ерлікпен пара-пар. Өрімдей жас кезінен бел жазбай еңбек етіп, қара жұмыс бейнетіне ерте араласқан жансебіл жан, алғаш трактор тізгіндеген қазақ қыздарының бірі, тыл ардагері Ғайникамал Оразалықызы Таткенованың өмірі өнегеге толы. Бүгінде жасы 95-ке келген кейуана – қос ғасырдың куәгері, Қостанай қаласының ең қарт тұрғындарының бірі…
Ол 1926 жылы Меңдіқара ауданының Көктерек ауылында дүниеге келген. Аштық жылдарында әкесі Оразалы өмірден озып, анасы Бике үш баламен көп қиындық көреді. Кейіннен Ғайникамал әжеміз інісі мен сіңлісін де қара жер қойнына тапсырған. Араға жылдар салып анасы екінші рет күйеуге шығады. Екінші күйеуінен екі қыз, бір ұл дүниеге әкеледі. 1940 жылы әжеміз 7 сыныптық мектепті бітіріп, Меңдіқара ауданында ашылған педучилищеге оқуға түседі. 1941 жылы соғыс басталып, өгей әкесі майдан даласында қазаға ұшыраған соң оқуды тастап, колхоз жұмыстарына араласып кетеді. Онда басқарма "трактор оқуына бармасаң ФЗО-ға (фабрика-зауыт оқуына) жібереміз" деп талап қойған. Сөйтіп, Ғайникамал әжеміз тракторист мамандығында оқып, жаз шыға трактормен жер жырту жұмыстарымен айналысады.
Аштық пен соғыстан бөлек, түрлі қиындықтарды басынан кешірген әжемізді әртүрлі тақырыпта әңгімеге тартып көрдік.
Әңгіме басында әжеміз елмен бірге көрген ауыр кезеңдерді есіне алып, 15 жастағы қыз үшін тыл жұмыстарының қаншалықты қиын болғанын айтып берді.
" Алғашқы шыққан тракторды жүргізу өте ауыр болды. Дөңгелегінің өзі соқа сияқты жерді жыртып отырады. Дем арасында тоқтап қалады, ойланбастан астына жата кетіп жөндейсің. Сонда да берілмей еңбек еттім. Күндіз жер жыртып, түнде үйге келген соң кесте тігіп, шұлық тоқып соғысқа жіберіп отырдым. Шөп шауып, шөмеле де үйдім, малдың да астын тазартып жүрдім. Жалаң аяқ, жалаң бас, шұрық-тесік киімді қырық жамау етіп кидік… Қиыншылықты өте көп көрдім, жетімдік те бастан өтті. Өмір сүру оңай емес… Бірақ бейнеттің де зейнеті болады ғой. Денсаулығым мен талабымның арқасында бәрін еңсере алдым. Зейнет жасына шыққанда да, балаларымды асырау үшін істемеген жұмысым жоқ", – деп толғанды әжей.
Ғайникамал әжеміз 1947 жылы жұбайы Хайдар Қозыбайұлы Таткеновпен бас қосады. Хайдар атамыз үш соғыстың – Фин соғысының, Жапон соғысының, Ұлы Отан соғысының ардагері. 1992 жылы дүниеден озған.
«Әуелде бір үйдің еркесі болып өскен. Бірақ сонда да жұмысты талпынып, жақсы істеуге тырысып бақты. "Мен соғыстан аман-есен келіп, осыны көрем деп ойлап па едім?" деп, балаларына, немерелеріне еміреніп отыратын. "Иман байлығын берсін" деп, күніге суретіне қарап, "бәрі де бірінші Құдайдың, содан соң сенің арқаң, саған ғана қосылып, ұзақ өмір сүріп, балалардың қызығын көріп отырмын" деп, шүкір айтып отырамын», – дейді кейуана.
Жұбайымен қосылғаннан кейін де әжеміз әртүрлі қызмет атқарған. Қорған облысында тұрған кезде есепшінің көмекшісі, кейін Федоров ауданында сауыншылар бригадасының басшысы болған. Одан соң Красная Пресня совхозына көшіп барып, байланыс инженері болып жұмыс істеген.
Бейнеттің неше түрін иінімен көтеріп, тағдырдың қаншама ауыр сынын өткерген, бүгінде тоқсанның бесеуіне келген ақбұрым кейуананың жадының сергектігі, есінің, іс-қимылының ширақтығы таңдандырды. Әңгіме барысында әжеміз жақында ғана «Абай жолын» төртінші рет оқып бітіргенін айтты. Қазіргі уақытта Бауыржан Момышұлының кітабын оқып жатқан көрінеді. Кітапты әлі күнге көзілдіріксіз оқиды екен.
Ғайникамал әжемізден ұрпақ тәлімі, бала тәрбиесі жайында сұрадық – іркілмеді:
«Теледидардан балаларын өсіріп жеткізген соң, өздері азып-тозып кісінің үйін жағалап жүрген шал-кемпірді көрдім. Сондағысы, ұлы мен келіні "сендерден біздің балаларымыз шошиды, қорқады" деп кіргізбейді екен. Сол менің жүрегіме өте қатты батты. Оның бәрі тәрбиеге келіп тіреледі. Адам өз-өзін ұстай білуі керек, сөзді де дұрыс айта білуі керек. Жұрттар келін ұстап, ақыр соңында сыймай жатады. Егер келінің мен ұлың сөзге келіп жатса,сен жәрдемдес, келінге де, балаңа да ақыл айт. Келініңе қызыңдай қара, сонда ғана құрметің артады. Келіндерім менімен әзілдесіп, ойнап отырады. Шалыммен де сөйтетін. Ол бірақ жаман емес, керісінше әулеттің бір тілде, бір көңілде болуы ғой, – дейді қария. – Жас отбасылар бірімен-бірі қосылған соң, ашуға бой алдырмай, айғайласпай, ақылмен тоқтағаны дұрыс. Біреуі ашуланса, екіншісі сабыр сақтап, кейіннен "осындай жерде, осылай айтып едің ғой" деп ескертуі керек. Сабырсыздықтың кесірінен қазір ажырасып жатқандар өте көп. Соның бәрі өз-өздерін ұстай алмағандықтан, бірін-бірі сыйлай алмағандықтан болып жатыр. Сыйластыққа ештеңе жетпейді».
Заман қанша құбылса да, уақыт, дәуір алмасса да бала тәрбиесі қашанда өзінің маңызын жоғалтпайды. Ол өмірдің ешқашан өзгермес үрдісі. Адам баласының асыл парызы осы. Мінекей, кейуана әңгімесінен осыны түйдік. Әжеміз адамды нәсілге, ұлтқа бөлуге болмайтынын, кейде өзге ұлттың өз туысыңдай, кейде өз қазағыңның жат болып кететінін айта келе, Қазақстаннан көшіп жатқан қазақтар хақында да ойын білдірді.
"Мына менің барған жерім, жұбайымның қонысы – Талапкер. Өте жақсы, шаруаға қолайлы жер. Айналасы өзен-сулы. Онда балықтың алуан бар. Жағалай қонған адам аш қалмайды. Малға да ыңғайлы, шөбі мол. Сол жерден бір адам қалмады, бәрі көшіп кетті жан-жаққа. Бір жас жігіт сонда барып, мал ұстап, шаруасын дөңгелетіп отыр. Ұмтылыс болса, сол нәрсе кімнің болса да қолынан келеді ғой "Бәлен жерде пайда бар, өз еліңдей қайда бар" деуші еді аталарымыз. Бейбіт заманда туған елді тастап көшу – тамырдан ажырағандық пен жатбауырлықтың белгісі ғой. Мұның да бір шеті тәрбиеге келіп тіреледі", – деп тебіренді.
Ғайникамал әжеміз – дүниеге 11 бала әкелген алтын құрсақты ана. Қазіргі уақытта сол балаларынан 16 немере, 23 шөбере, 3 шөпшек сүйіп отыр. Балалары түрлі қызметте істейді. Кіші ұлы Әділбек пен келіні Әлияның шаңырағында тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Ұл-қыздары аналарының хәлін сұрап келіп, жиі-жиі дастарқандас болып тұрады екен.
Әжеміздің ақыл-кеңесін тыңдап, жанымызға рухани азық жинап, бойымызға қуат біткендей болды. Әңгіме соңында кейуананың ақ батасын алып, бүтін бір ғасырға сапар шегіп келгендей күйде қимастықпен тарастық.
Дәулет Жадырасын,
Л. Н. Толстой атындағы облыстық
Әмбебап ғылыми кітапхананың қызметкері