Той болушы еді бұл маңда…
Ұлыстың ұлы күні – татулық пен мейірім мерекесі. Оның көркін қызықтап қана қоймай, мазмұнының артуына әрқайсымыз атсалысуымыз керек. Бұл тұрғыда біздің аула көпке өнеге болар еді…
Қостанай қаласының Чкалов көшесіндегі 15а және 15б ретті көп қабатты үйлердің тұрғындары Наурыз мейрамын өз аулаларында осымен екінші жыл қарсы алды. 138 бірдей пәтердің иелерін біріктірген той тағы да ерекше өтті. Барлық отбасы бір шаңырақтың балаларындай ұжымдасып, ауланы әсем безендірген. Әсіресе, сахнаның сәні көрген көзді тойдырады: айналасы гүлдермен көмкеріліп, түрлі-түсті жалаушалар ілініп, ертегі кейіпкерлерінің мүсіндері бипаздап қойылған. Шынайыдан айырмашылығын тапқысыз жасанды гүлдерді Сабыржан-Ақмарал Жұмағалиевтер отбасы өз қолдарымен әзірлепті. Ал анадайдан көз суыратын мерекелік баннерлерді жасауға "Вот-так!" жарнама компаниясы үлес қосты.
Бұл жолы көршілердің ұлттық киім киюіне баса мән берілді. Ер адамдар бөрікті шапан, әйелдер жағы қамзолмен сәнденіп шыға келді. Мәре-сәре меймандос көршілер кеңге жайылған дастархан басына жиылғанша асық еді. Әр отбасының үлесімен жайнап шыға келген үстел үстінен ұлттық тағамдардың бәрін табуға болады. Әрине, осы мейрамның татымды тағамдарының біріне айналған палауды дайындау үшін де қазан көтерілді. Осы үйдің тұрғыны, кәнігі палаушы Әлішер Хасанов өзбектің тіл үйірер қызылсары күрішін пісіруді өз міндетіне алды. Ал мейрамның ең басты да жеңсік тағамы – Наурыз көжені Ақмарал Жұмағалиева әзірлеп берді. Әр подъезд алдында бауырсақтар пісіріліп, самауырлар будақтады. Ошақтың басынан дастарханның үстіне дейін қызмет қылған әр ағайын алғысқа лайық!
Аула тұрғындары өнерден де құралақан емес. Мәселен, Нығмет Суханов жүрекжарды лебізін өлең шумақтарымен жеткізсе, Есімбек Құрманов есімді запастағы полковник баянның сүйемелдеуімен бірнеше сазды сәлемін жолдады. Іргелес 8 -шағын ауданнан мейман болып келіп, "Наурыз" әнін нақышына келтіре орындаған Дана Төлендинаның өнері де көпшілікті тәнті қылды.
Осылайша, ауламыздағы Наурыз мейрамы ойдағыдай, жоғары деңгейде өтті. Тұрғындар үйді-үйлеріне қимас та сыйлас сезіммен, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Нығмет Суханов,
Шараны ұйымдастырушы,
№47 пәтер иесі