Өрескел құқық бұзушылық тіркелген жоқ
Қостанай облысындағы сайлауды бейпартиялық байқау орталығы өз жұмыстарын қорытындылады. Орталық мүшелері саяси науқанның өту барысы мен сайлау участкелеріндегі жағдай туралы ӨКҚ-де өткен брифингте айтты.
10 қаңтар күні болған ҚР Парламенті Мәжілісінің және маслихаттар депутаттарының сайлауы бірқатар ерекшеліктерімен тарихта қалары сөзсіз. Әлемдік пандемияға, елдегі карантин режиміне байланысты әрбір сайлау учаскесінде санитарлық талаптар мен әлеуметтік ара қашықтықты қатаң сақтау талап етілді. Осыған орай, байқаушылардың жұмысынада да ерекшеліктер болды. Олар ПТР тесттер тапсырып, барлық тексерулерден өтіп барып саяси науқанға қатысқан.
– Сайлау процесіне етене араласқан бірден бір ұйымдардың бірі – сайлауды бейпартиялық бақылау орталығы. Бұл орталық халықаралық сайлауды бейпартиялық бақылау Хартиясына сәйкес республикамызда құрылған еді. Біздің облысымызда да осы орталық өз жұмысын жүргізді. Орталық сайлауға дейін 850-ден астам бақылаушы даярлаған болатын. Соның 767-сі бақылаушы болып қатысты. Бұл сайлау көптеген жаңашылдықтарымен, заман талаптарына сәйкес ерекшеліктерімен өткені баршамызға мәлім. Әрбір байқаушы, оны жіберген ұйым өзінің құжаттамаларына белгілі бір дәрежеде өзгерістер енгізуге хақылы болды. Орталықтың құрамында болған жеті мемлекеттік емес ұйым да осындай өзгерісті енгізді. Бұл да болса сайлаудың ерекшелігін айқындап тұрғандай,-деді Қостанай облысындағы сайлауды бейпартиялық бақылау орталығының жетекшісі Болат Қалиев.
Еліміздегі маңызды оқиғаға сайлаушылар да жауапкершілікпен үлес қосқан. Әсіресе, жастардың сайлауға келіп, өз таңдауларын жасағаны қуантты дейді бақылаушылар.
– Бақылаушылардың қатарында бюджеттік сала қызметкеріне жатпайтын, қандай да бір партияның құрамына тіркелмеген қарапайым белсенді азаматтар болды. Кейбір бақылаушылар мұндай маңызды процеске алғаш рет қатысты. Таңғы алтыдан бастап науқан аяқталғанша белгіленген участкелерде болдық. Саяси науқан кезінде біздің тарапымыздан өрескел бұзушылықтар байқалған жоқ. Бақылаушы болу оңай жұмыс емес. Таңғы алтыдан түнгі он екіге дейін сайлау учаскесінде болып, науқанның соңына дейін куә болдық. Осы сәтті пайдалана отырып бақылаушыларға алғыс білдіргім келеді,-деді орталық мүшесі Ш.Жалмухамедова.