Ғұмырыңызды қысқарту да, ұзарту да өз қолыңызда
Бүгінде нашақорлық – келешегімізге төніп тұрған індет, қасірет. Тіпті әр отбасының есігі мен терезесінен үңіліп, торып жүр деп айтуға болады. Ал, енді ел ертеңі болар жас өскіндерімізді осы нашақорлық пен есірткіден қалай қорғап қалуға болады? Біз, үлкендер, қандай тосқауыл қоя аламыз? Ол үшін не істеуіміз керек? Оларды қорғап-қоршап, вакуумға салып өсіре алмаймыз. Рас, одан туындайтын проблемалар қанша қиын болғанымен, көмектесуге болады екен. Ең жақсы әдісі – алдын-алу. Біз осы өзекті мәселе туралы Қостанай қаласындағы М.Хәкімжанова атындағы №20 орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жансая Исмайловаға жолығып, әңгімелескен едік.
– Қазіргі жастарымыз, әсіресе, мектеп оқушылары жан-жақтан ағылып жатқан ақпараттан хабардар болып, дене бітімімен қоса сана сезімі, дүниетанымы да тез есейіп-өсіп, жетілу үстінде. Бастауыш, мейлі орта, жоғары сынып оқушысы болсын, оның тәрбиесіне, оқуына тек ұстазы ғана емес, ата-анасы да көп көңіл бөлуі керек деп ойлаймын. Ата-ананың міндеті қоғамда кездесетін келеңсіз, жат қылықтар туралы, мәселен, темекі, спирттік ішімдік пен есірткінің зияны туралы жиі айтқаны артық болмайды. Үштіктің бірлігі ұштасқанда саналы тәртіп, сапалы білім болары сөзсіз. Сондықтан бұл өзекті мәселе жөніндегі іс-шаралар оқу жылы бойы, тіпті жазғы демалыс каникулы кезінде де толастамайды.
Қостанай қалалық нашақорлық және есірткі бизнесінің алдын алу бағдарламасы аясында оқушылардың арасында нашақорлық, темекі тарту, ішімдік ішудің алдын алу мақсатында мектебімізде көптен бері наркобекет жұмыс істейді.
Мектебіміздің жантанушы маманы С.Стамқұлова мен медбике Ж.Қабдрахметова оқушылар арасында "Нашақорлық жайында не білеміз?" тақырыбында тест жұмысын өткізіп, дәріс оқыды. Есірткінің адам өміріне өте қауіпті, зиян екендігі жайлы әңгімелесіп, кеңестер берді.
Ал, әр айдың үшінші аптасында 1-11 сынып оқушылары арасында өткізілетін салауатты өмір салты тақырыбындағы сынып сағаттарында, мәселен, есірткінің, ішімдік және темекінің адам организміне тигізер кері әсері жайлы түрлі пікір-талас, дөңгелек үстел, шағын рөлдік ойындар ұйымдастырылып, бейнематериалдар көрсетіледі.
– Оқушы балаларымызды зиянды заттардан аулақ болуға, денсаулықты сақтауға тәрбиелеу басты міндетіміз екені белгілі. Ол тек педагогтар қауымының ғана жұмысы емес екені белгілі.
– Әрине, ол сөзіңіздің жаны бар. Мектебімізге облыстық наркологиялық диспансердің, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары, дәрігерлері келіп дәріс өткізіп, түрлі бейнематериалдар көрсетеді. Атап айтсақ, өткен оқу жылында диспансер жантанушылары Е.Масленникова мен Ю.Платон "Есірткі заттарын қолданудың алдын алу" тақырыбында 7-11 сынып оқушылары арасында дәріс өткізіп, тақырыптық сауалнама алса, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының қызметкері Г.Мырзақұлова салауатты өмір салтын насихаттайтын бейнекөріністер көрсетті. Облыстық, қалалық денсаулық сақтау мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Былтырғы оқу жылынан бастап мектебіміздегі "Жас ұлан" жасөспірімдер ұйымының мүшелері Т.Ердаулетов, Д.Әзірханова, Д.Шамғанова, Ә.Әуезханов салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында бейнероликтер түсіріп, оқушылардың назарына ұсынды. Сол секілді ата-аналарымызды да назардан тыс қалдырмаймыз. Мәселен, салауатты өмір салтын ұстануға насихаттау мақсатында "Салауатты өмір салты – көтеріңкі көңіл" тақырыбында отбасылар арасында спорттық сайыс, "Есірткіден алыс отбасы" атты ақпараттық кездесу ұйымдастырды. Бейнекөрініс көрсеттік. Жазғы каникул кезінде де ақпараттық жұмыстарымызды тоқтатқанымыз жоқ. Оған бір-екі мысал, атап айтсақ, жаз айларындағы мектеп алаңында "Жасыл ел" тобының оқушылары арасында мектеп тәлімгері Қ.Серік-баева мен С.Стамқұлова "Менің болашағым өз қолымда" тақырыбында дөңгелек үстел мен "Адамгершілік сезімдер және қатынастар мұхитында" атты тренинг өткізді. Оқушылар есірткінің адам өміріне тигізер зияны жайлы өз ойларын, пікірлерін, ұсыныстарын айтты. "Айгөлек"мектеп алды жазғы сауықтыру алаңында "Болашағымыз есірткісіз" тақырыбында сурет сайысы болып, "Өз өміріңе өзің иесің" атты ақпараттық стенд дайындадық. Сол секілді "Есірткіге тәуелділік – өз басыңды қор қылу" фильмі көрсетілді. Алдағы оқу жылында да осы бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Гүлназым
САҒИТОВА