Онжылдықтағы міндет – қуатты ел болу

Биыл тәуелсіз қазақ елінің азаттығына 30 жыл толады.Тарих үшін 30 жыл қас-қағым сәт. Бірақ, біз, Қазақ елі осы 30 жылды ғасырға бергісіз уақыттай тиімді де ұтымды пайдалана білдік. Батыстың кей елдері осындай уақытты 6-7 ғасырда жүріп өткен еді. Мұны тарих дәлелдеп отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай,осы 30 жылды үш ондық белес деп қарауға болады.
Бірінші онжылдықта жаңа Қазақстанның іргетасы қаланды. Бұл кезеңдебилік жүйесі қалыптасты, мемлекеттік нышандар, валюта айналымға кірді, қарулы күштеріміз құрылды. Ата Заңымыз қабылданып, шетелдермен елшілік қатынас орнады. Еліміз көптеген халықаралық ұйымдарға мүше болды. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясы қабылданды, көршілерімізбен шекара бекіттік. Ядролық қарудан бас тартып, елорда Арқа көшіне ауысты, ел нарықтық қарым-қатынасқа көшті.
DSC_3698
Екінші онжылдықта мемлекетімізді нығайтуға, мәдени мұрамызды сақтауға екпін түсірілді. Мәдениет саласында мемлекеттік бағдарламалар іске асырыла бастады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының сьездерінің өтуі Қазақ елінің бейбітшілік бесігіне айналғанын дәлелдейді.
Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеді. Әлем бізді таныды, бізбен сыйласты әрі санасты. Қазақстан 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясын жариялады. Еліміз озық отыз елдің қатарынан көрінуге бет алды, «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» бағдарламалары жемісін бере бастады. Осы табыстар, сөз жоқ, елбасымыздың көшбасшылығымен іске асты.
Келесі онжылдықтың міндеті – қуатты ел болу. Әлеуеті асқан, бірлігі мықты ұлт болуды мақсат етеміз. Әділетті қоғамда өмір сүру әлеуметтік ахуалымызды жақсартады дер едім. Тарихтан белгілі, әр ұрпақтың көрер сынағы, арқалайтын жүгі болады. Біздің ата-бабаларымыз талайынан сүрінбей өтіп келеді.
Біз де мына пандемиядан аман-есен өтіп, шынығып шығармыз. Ол үшін ұлттың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, ырым-тыйымдарынан айырылмауымыз керек.
Тәуелсіздік жылдары бір ұрпақ алмасты. Сол үшін де жас буын азаттықтың қалай келгенін ұғынулары тиіс. Егемендік оңай жеткен жоқ. Тарих тек тарихшыларға қажет емес, ол – халықтікі. Тарихи сана ұлттық сананы ұштайды. Тиісінше ұлттық сана өз тарихын ұстап тұрады. Тарихи тақырыптарды кино арқылы халыққа көркем, тартымды етіп жеткізу қажет екенін президентіміз өз мақаласында баса айтты.
Бүгінде мемлекеттік қызметкерлерге мемлекетшілдік жетіспейтін сияқты. Ал оның да үлгісін кешегі қудаулауға ұшыраған, бірі атылып кеткен Алашшылар көрсетіп кетпеп пе еді?! Тарих парақтарын бір ақтарайық, қазақ елінде Алашшылардың үш ірі орталығы болды. Бірі – Семей, екіншісі – Орал, ал үшіншісі – өзіміздің Тобыл-Торғай топырағы. 2017 жылы Алаш қозғалысына 100 жыл толды. Міне, осы 100 жылдық қарсаңында баспасөз беттерінде Алаш арыстарына арнап «Алаш алаңы» атты мемориалдық кешен орнату туралы ұсыныс білдірдім. Бұл ұсынысты облыс әкімі Архимед Бегежанұлына да жеткіздім. Облыс басшысы мұны «маңызды шаралардың қатарына» алып, өзінің орынбасары мен Қостанай қаласының әкіміне тапсырма берді.  Көпшілік алдында айтылған ұсыныс орындалады деген үміттемін.
Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстанға» жариялаған тарихи мақаласында: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс», – деп қадап айтты.
Президент білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға беруі керектігін дөп басты. Рас, осы бір нәубетке тарихи тұрғыда назар аударып, баға беретін сәт келді.
Шүкір, шекарамыз шегенделді. Алайда шекара маңындағы елді мекендерді бос қалдырмауымыз қажет. Бұл өте орынды айтылған әрі шешімін тауып келе жатқан іс.
Бүгінде мемлекеттік тіліміз этносаралық қарым-қатынас тіліне айнала бастады. Көптеген ұлт өкілдері, әсіресе, жастар жағы қазақ тілін игеруде. Бұл – құптарлық іс. Өйткені мемлекеттік тіл – біріктіруші күш! Мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстанды мекен еткен азаматтардың парызы.
Еліміз этносаралық келісім мен татулық негізінде дамып келеді.  Жаңа ғасыр – ілім-білімнің уақыты. Бұл ой Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласында да өз орнын тапқан. Білімді, тәрбиелі адам жемқор болмайды, керісінше, жақсы маман болуға талпынады. Тәуелсіз ел үшін күресуіміз, аянбай еңбек етуіміз міндет. Адам еңбекпен өмірге келеді, еңбектен керегін алады. Олай болса, ел үшін ештеңеден аянбайық. Тура жолдан таймай, алға басуымыз керек. Мен Қазақ елінің гүлденуіне, келешегіне, соның ішінде, жасампаз жастарына сенемін!
 
Қалқаман Жақып,
философия ғылымдарының докторы, профессор
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓