Тұқым жеткілікті, техника әзір

Восточный – Арқалық қаласына қарасты тірек ауылдардың бірі. Ауылдың жалпы жер көлемі 39160 гектарды алып жатыр. Ауыл шаруашылығына арналған жайылым мен егіс алқабы– 30946 га.
Тірек ауыл тұрғындарының саны – 1251 адам. Еңбекке қабілеттісі – 692. Ауылда бірнеше ұлт өкілдері тату тәтті өмір сүруде.
Алтын астық өсірумен айналысатын «Село Восточное» ЖШС ауылдың бас тірегі. Жылма-жыл диқаншылықты кәсіп етіп, өз ісіне шынайы машықтанған шаруашылық биылғы көктемгі дала жұмыстарына да тиянақты әзірлікте.
Бұған біз редакция тапсырмасымен ауылға арнайы барып, шаруашылықпен етене танысқанда көз жеткіздік. Серіктестік басшысы Иван Попович бізді жылы шыраймен қарсы алып, техника тұрағына бастап барды. Тұрақта техника қаздай тізіліп тұр екен. Олардың бәрі дерлік заманауи. Машина – трактор паркінің көктемгі егіске әзірлігі көңіл көншітерлік. Мамандар бірлі – жарымды тракторды жұмыла жөндеуде.
«Биыл ауа райы қолайсыздау болып тұр. Жылда біз осы уақытта техниканы далаға шығаратынбыз. Уақытты бос өткізбей дайындап жатырмыз. Қазіргі таңда 95% дайын. Қалғаны ұсақ-түйек жұмыстар. Қосалқы бөлшектердің бәрін алдық. Енді, қардың толық еріп, ағын судың құрғағанын күтіп отырмыз. Жер кепсе, біртіндеп техниканы шығара бастаймыз. Ылғал жабамыз. Барлық агротехникалық шараларды жүргіземіз», – дейді Иван Николаевич.
Қат-қабат қарбаластың арасында серіктестік басшысымен аз-кем сұхбаттасудың да сәті түсті.
– Иван Николаевич, шаруашылықтарыңызда көктемгі дала жұмыстарын ойдағыдай өткізуге тұқым қоры жеткілікті ме?
– Иә. Өткен жылдың қиындықтарына қарамастан тұқым қоры жасалды. Аздап майлы дәнді дақылдардың тұқымын сатып алмақшымыз. Халықтың қажеттілігі үшін екпе шөп өсіреміз. Жалпы, бәрі қалыпша.
– Егіс науқанына қанша адам, қанша техника шығады?
– Бізде орташа алғанда барлығы 220 адам ортақ іске жұмылдырылады. Ал, техникадан алқапқа 25 кешен шығарамыз. Биыл ылғал жеткілікті болғандықтан жақсы өнім береді деп ойлаймыз. Жеріміз құнарлы. Ылғал мол жылдары 15-20 центнерге дейін өнім алып жүрміз.
– Тұқым себуді қашан бастағалы отырсыздар?
– Сәуір айының аяғы, мамыр айының басына қарай ылғал жабуды бастаймыз. Әрмен қарай кешенді іс-шаралар жүргізіледі.
– Қандай тұқым түрлері егіледі?
– Негізінен бидай, арпа, бұршақ, мақсары т.б. Оның сыртында халықтың қажеттілігіне екпе шөп егеміз.
– Механизаторларыңыз науқан уақытында орта есеппен қанша жалақы алады?
– Бізде табыс жаман емес. Орта есеппен алғанда бір адам үздіксіз жұмыс істесе бір маусымда 1-1,5 миллиолн теңге табыс табады.
– Жанар-жағармай қоры жеткілікті ме?
– Жеңілдетілген жанар-жағармайға келісім-шарт жасалды. Алдын ала төлем жасап қойдық. Қазір жол үстінде. Жақында өзімізге тасымалдаймыз. Толық қамтылған. 500 мың литр жанар-жағар май бөлінді. Биыл бізге продкорпарация арқылы 500 млн теңге несие бөлді. Бұл шаруашылықты тұқым түрлерімен қамтуға және көктемгі егіс науқанын жүйелі өткізугезор мүмкіндік береді.
– Техниканың жай-жапсарықалай?
– Бізде барлық техника озық үлгіде. Үлкен ресурс қалыптасқан. Қосалқы бөлшектерін аламыз, бұзыла қалса өзіміз жөндейміз. Бәрін алдын ала қамтып қойдық. Ешқандай мәселе жоқ.
– Астықты қайда сақтайсыздар?
– Қоймаларымыз бар. Қазір «Алюминстрой» холдингінің құрылымына кірдік. Басшылық былтыр қаладан жаңа элеватор салды. Биылғы егінді сақтауға сонда апарамыз.
– Ауылға қарайласатындарыңыз белгілі. Жалпы, қалай ойлайсыз ауылда жастардың тұрақтауына жағдай жасалған ба?
– Серіктестік балансында шаруашылық учаскелері, мәдениетүйі, балабақша, наубайхана, монша, қонақ үйлік спорт кешені. Ауыл құраушы кәсіпорын болғандықтан әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, «біз болмасақ, кім істейді?» дегендей қарайласамыз. Жастарға би кеші ұйымдастырылады. Теннис, волейбол, күрес сынды спор түрлері ілгері басуда. Қысқасы, кім немен айналысқысы келсе, соған мейлінше мүмкіндік жасалған. – Сөзді түйіндей келгенде елге қандай тілек айтар едіңіз? – Қазақстан көпұлтты мемлекет. Халқымыз ынтымақты өмір сүріп, әрдайым тыныштық сақталса деп тілейміз. Шаруа баққан жандарға мол өнім болсын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Айтқандай, ауыл әкімінің аппараты серіктестіктің жайлы ғимаратына қоныс аударыпты. Ауыл әкімі Алмас Сәрсенбаевтың қабағы жарқын. Барлық әлеуметтік құрылымдар серіктестік қарауында. Жолдардың кедір-бұдыры тегістелген. Серіктестік күшімен ауыл бөгеті де қалпына келтіріліпті. Қоқыс үйінділері сыртқа шығарылған.
«Мемлекет ауыл шаруашылығы саласына көп көңіл бөледі. Өткен жылы ауылдың жермен айналысатын шаруаларына егін шаруашылығын жетілдіру үшін жалпы көлемі 54 млн теңге несие берілді. Нәтижесінде, шығындарды өтеуге – 41 млн теңге, егіске қажетті тыңайтқышқа – 11 млн теңге, жоғары сұрыпты тұқым алуға – 2 млн теңге жұмсалды. Мұндай ілкімді көмек түрлері биыл да жалғасын табуда. «Село Восточное» ЖШС ауыл мектебіне де көмек қолын созып отырады. «Мектепке жол» акциясы кезінде балалардың оқу құралдарын әперіп, жәрдемін тұрақты жасайды. Мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтып, мектеп жанындағы жазғы демалыс лагерін де қамқорлығына алған. Ауылдағы «Колокольчик» балабақшасы да осы серіктестіктің қарауында. Бүгінде онда 40 бүлдіршін тәрбиеленеді. Жазғы ауыл спартакиадасына қатысуға, яғни, споршылардың тамағы мен бірыңғай киім үлгісіне де серіктестік демеушілік көмек көрсетті», – дейді ауыл әкімі ағынан ақтарылып.
Дихан ағайындарға мол табыс тілеп, ауылдан жақсы әсермен оралдық.
Суреттерді түсірген автор

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓