А.Мамин әкімдерге: Жұмыс орындары сақталсын
Үкімет басшысы Асқар Мамин барлық еңбек қатынастары тараптарының басты міндеті еңбек заңнамасын сақтау екенін еске салды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл мәселелерді ерекше бақылауда ұстау керек. Осыған байланысты мынадай тапсырма беремін: біріншіден, Еңбек министрлігі әкімдіктермен және мемлекеттік органдармен бірлесіп, ақпараттық жүйелердегі деректердің негізінде проактивті режимде жалақы бойынша берешекті анықтау алгоритмін әзірлесін. Екіншіден, еңбек қатынастарын мониторингтеу үшін еңбек шарттарын толығымен электронды форматқа ауыстыруды қамтамасыз ету керек. Бұл азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуын жедел және объективті бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, үшіншіден, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін Еңбек министрлігі жұмыс берушілер және кәсіподақтармен бірлесіп, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдаманы әзірлеуі тиіс.
«Төртіншіден, әкімдіктер мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жұмыс берушілердің қол қойылған меморандумдар шеңберінде жұмыс орындарын сақтау жөніндегі міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етсін. Жұмыскерлердің жаппай жұмыстан босатылуына жол берілмесін, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын қабылдасын. Бесіншіден, Қаржы министрлігі оңалтудағы кәсіпорындарда жалақы бойынша берешекті төлеу, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті азайту жөнінде пәрменді шаралар қабылдасын», – деген Асқар Мамин бұл тапсырманың орындалуын орынбасары Ералы Тоғжановқа тапсырды.