Президент шыршасы қамкөңілдерді қуантты
Жаңа жыл пандемия кезеңінде де балалар мен ересектердің ең сүйікті, ескерусіз өтпейтін мерекесі болып қала береді. ҚР Президентінің жаңажылдық шыршасына қатысушылар осының жарқын мысалы болды.



Президент шыршасына қатысушылардың бірі – отбасы үлгісіндегі «Жанұя» балалар ауылының тәрбиеленушісі Артем Вельман қуаныш сезімін жасырмады.
«Мен бүгін өте қуаныштымын! Бізді келе жатқан мерекемен құттықтап, сыйлықтар табыс етті. Баршаңызды Жаңа жылмен құттықтағым келеді. Менің балалық арманым орындалғандай, сіздердің де арманыңызға қолдарыңыздың жетуін тілеймін!» – дейді Артем.

Мерекелік іс-шараға Арқалық қаласынан келіп қатысқан балдырғанның анасы Анар Тұржанова да өз әсерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
«Менің қызым тұңғыш рет Президент шыршасына қатысып отыр. Бұл өзімнің де өмірімдегі алғашқы оқиға. Балам мұндай ерекше құттықтаудан үлкен әсер алды. Оның шынайы толқынысын, көзінен қуанышын көрдім. Балаларымызға деген қамқорлықтарыңызға рахмет! Жаңа жылда ойдағы жоспарларыңыз жүзеге ассын, асыл армандарыңыз орындалсын!", – деді баласының шаттығына бөленген ана.

Енді қала-аудандар әкімдерінің жаңажылдық шыршасы өтпек. Оған жоғарыда аталған санаттардағы 4645 бала қатыстырылады. Әр өңір өздерінің кішкентай тұрғындарын мерекелік сыйлықтармен қуантпақшы. Атап айтқанда, жеткіншектер тәтті тартулар мен бір арнаулы сыйлық (смартфон, велосипед, энциклопедиялар және т.б.) иеленеді.