Қасқыр да қас қылмайды…
"Қостанай таңы" газетінің 3-ші қыркүйектегі санында жарық көрген Күнжан Әбеудің "Ұят-ай деп жүріп ұрпаққа қиянат қылдық" атты мақаласына орай қарт та болсам, өз ойымды ортаға салуды борыш санадым. Тілші мақаласындағы кейіпкер Анар қызымыздың тағдыры қай-қайсымызды да бей-жай қалдырмасы анық.
Қазақ ешқашан қызынан туған немересін шеткерлетпеген. Қыздан туған жиенін бауырына басып, айналып-толғанып кішкентайдың асты-үстіне түсіп, шығарға жаны болмайтын, әлпештеп әлдилеп отыратын. Ал мына мақаладағы ұяттың ұяты Анардың шешесінің баланы көзіме көрсетпей құрт деген сөзі, ұятқа жата ма, әлде, ақылсыз, ойсыз, бос долылыққа жата ма?! Жарық дүние есігін ашқан нәрестенің жазығы не? Неге оның көзін құрту керек? Айтарға сөз жоқ. Нәрестені қабылдамаса қабылдамасын, бірақ "көзін құрт" деуі адамдық, аналық жүрегі бар адамға жат қылық. Әрқайсысы келешек Қазақстан азаматын қолдан жоя берсе сонда біз қандай ел, қандай халық болғанымыз. Қазақта "қасқыр да қас қылмайды баласына" деген асыл сөз бар. Сонда біз, кімбіз өз ұрпағымыздың өміріне өзіміз балта шапсақ?!
Ол долылыққа салынып қызды сәбиімен қосып қуып жіберді. Ал қыз болса, баласын бір қалаға тастап, өзі екінші қалаға безіп барады. Қыздың алдағы өмірі не болмақ? Қыздың анасы, қызының алдағы уақытта кім боларын, қалай өмір кешерін ойлады ма екен?
Ал енді ойланып қарайықшы. Көкек ана қайдан шығады? Осындай анасы тасжүрек, әкесі бозымдардан шығады. Бұның дұрыс емес деп әйелін тоқтата алмаған әке бозым емей немене? Жанұяға басшы бола алмаған әкеден не үміт, не қайыр?
Тастанды бала,көкек ана дегендер осындай отбасынан тәрбие алған жастардан шығады. Бұл қыз баласын біреуге тапсырып кетті ғой, ал баласын қоқыс жәшігіне тастап кететін тас жүрек қыздарға не айтамыз?
Айтарым біз қатарлы қарттар баланы қыздан туды, ұлдан туды деп бөлмесе керек. Бұндай жағдайға ұшырап жүргендер біздің балаларымыздан туған немерелер. Еуропалық үлгі алып жүрген қыздар. Менің айтарым, "қыздан туғанның қиығы жоқ". Ол жат емес, өз балаң.
Қызға да, ұлға да айтарым, ақырын жүріп аңдап басыңдар демекпін. Ұлдар қыздарды келеке етуге болмайтынын ескеріңдер. Тастанды балалардың әкесі атанбаңдар демекпін. Ал қыздың анасына айтарым, райыңнан қайт, немереңмен қызыңды қолыңа ал.
Жолдыбай Шәкірұлы,
зейнеткер.
Қостанай қаласы.