Үнемделген қаржы қайда жұмсалады?
Биылғы ахуал алдын ала құрылған жоспарлардың орындалуына тосқауыл болды. Соның бір парасы – бұқараның қатысуымен өтетін мерекелік іс-шаралар. Бұл – бүкіл елге ортақ жағдай. Жақында Рудный қаласының басшылығы Жаңа жыл қарсаңында жылдағыдай мұз қалашығы салынбайтынын жария еткен болатын. Осы жаңалықтан соң кент тұрғындары «карантин басталғалы қанша қаражат үнемделді және ол қайда жұмсалады екен?» деген сұрақ көтеріп, әкімдікке жолдаған. Бұл сауалға қала әкімі Қуандық Испергенов онлайн қабылдау өткізу барысында жауап берді.
Оның айтуынша, қалалық мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге 51 млн 884 мың теңге жұмсау көзделген. 16 наурызда ел аумағында төтенше жағдай енгізілуіне байланысты, мұның бәріне тыйым салынды. Соның арқасында 38 млн 709 мың теңге үнемделген. Рудный қалалық мәслихатының шешімімен бюджеттің кіріс бөлігінің шығындарын жабуға бағытталыпты.