«Біздің жақта ҚЫЗБЕЛ деген тау бар»
Осы шағын мақаланың тақырыбына шығарған тіркесті мен жақында ғана жарық көрген «Қызбел» деген кітаптан алдым, авторы – Әбутәліп Әмір. Оның өзі де сол Қызбелде туған. Мамандығы – оқытушы, жоғары оқу орнында математикадан, экономикадан дәріс оқиды. «Микроэкономика» және «Кәсіпорын экономикасы» пәндерінен орыс және қазақ тілінде жазылған оқулықтар авторы.
Сонымен бірге ол әдебиет ауылына да жиі атбасын бұрады. «Көгілдір таң» атты әдемі әңгімелер жинағы бар. «Қостанай таңы» да тұрақты авторымыздың талай дүниелерін жариялады.
Енді Әбутәліптің «Қызбеліне» қайта оралайық. «…Бала күнімізде біз оны дүниедегі ең үлкен, тіпті құрығанда, сол ең үлкендердің бірі болар-ақ деп жоритынбыз… Сосын мектепке барған соң, оның қазақ даласындағы сансыз көп үстірттің бірі ғана екенін оқып білдік. Білдік те, оның әлемдегі ең үлкен тау болмағанына балалық көңілмен ептеп қынжылып та қалдық…» деп жазады ол.
Автор жаңа кітабында сол Қызбелін перзенттік сүйіспеншілікпен асқақтады, оның кіршіксіз таза, сенгіш, арманшыл адамдарының жан дүниесіне, шыққан тегіне, шежіресіне үңіледі. Ауыл суреттерін дәл салады. Ауыл ақындарының бір топ өлеңдерін оқырман назарына ұсынады. Келдіғұл Әбілұлы, Мырқы Байтоғайұлы, Әубәкір Байқасұлы, Сұңғат Өсіпов сияқты ақындардың бір-екі өлеңдерінен-ақ ауыл өмірінің кең тынысы айқын аңғарылады.
Кітапта Шынболат руының шежіресіне де ерекше орын берілген.
Сәлім
МЕҢДІБАЙ

























Қызбел кітабының авторы Әмір Әбутәліп ағаны іздеп жүр едім ол кісімен қалай хабарласуға болады номері болса бере аласыздар ма? Шымболат руынының шежіресін жазып жатыр деп естідім. Сол кітабы жайлы білгім келеді.