Мейірім ұялаған шаңырақ
Дәндібаевтар шаңырағын үлгілі отбасы деуге негіз бар. Қостанай ауданында тұратын бұл көп балалы отбасы жетімдер үйінен басқа ұлттың 5 баласын асырап алды. Бүгінде ерлі-зайыптылар жеткіншектерді қатардан қалдырмай, оларға тәлім-тәрбие беруде.Олар әуелі үш жыл бұрын екі баланы қамқорлығына алды. Қазақы тәрбиемен өсіп жатқан балдырғандар өнерімен көпшілікті өнерімен тәнті етіп жүр. Ән айтып, би билейді.
Ерлі-зайыптылар жетімдер үйінен биыл тағы үш баланы бауырына басты. Қазір ағайынды Кәрима, Сағадат, Айсара отбасының жылуын көріп, ананың мейіріміне қанып өсіп жатыр.
– Әр баланың өзіне тән мінез-құлқы бар. Бәріне сабырмен қарау керек. Мынау қазақтың, анау басқаның баласы деп бөліп-жармай, көңіліміз қалаған балаларды асырап алдық, – дейді көпбалалы ана Данагүл Дәндібаева.
Балаларға бақыт сыйлау – ерлі-зайыпты Дәндібаевтар үшін қасиетті ұстаным. Данагүл апа балаларына ағалы-інілі, әпкелі-қарындас болып бір-біріне демеу болуды үйретіп жатыр. Биыл Ердәулет пен Данагүлдің шаңырақ құрғанына 18 жыл. Бес қыз бір ұлды тәрбиелеп отырған мейірімге толы мерейлі отбасы көпке үлгі болуға лайық. Жетімнің жанарындағы мұңды өшіріп, жүрегіне нұр сыйлаған ерлі-зайыптылар болашақта немере, шөбере сүюді армандайды.