Жаңа. Заманауи. Сапалы
Сонау өткен 80-ші жылдардың ортасында Қамысты ауылының шетінде жаңа стадион салу идеясы жүзеге асты. Оны небәрі үш айда салып бітірді. Сол жылы Қамысты елінде «Тың» спартактиадасының алауы жағылған болатын. Кезінде бұл спорттық нысанға Кеңес Одағының талай атақты спортшылары келіп-кететін.






Осылайша, стадион жыл бойы жұмыс істейтін болады. Қысқа мерзім ішінде адам танымастай өзгерген құрылыс жұмыстарының жобалық құны 528,5 млн теңге. Құрылыс жұмыстарына 8 техника жұмылдырылып, 30 жұмыс орны құрылды. Жобаға сәйкес жаңартылған стадионда мың жарым көрермен ойындарды тамашалай алады. Бұған дейін онда бар болғаны 600 адам ғана сыятын. Үлкен алаңның бір шетіне LED-экран орнатылса, заманауи прожектор жарықшамдары да көрік беріп тұр. Бұл спорттық кешен ауданда ғана емес, облыстағы ең мықты стадиондардың қатарына еніп отыр.

Виталий Яковлев, бапкер:
-Осы алып нысанды жаңа кейіпке енуіне бар үлесін қосқан азаматтарға айтар алғысым шексіз. Халық осы жерге келіп дене шынықтырады, саламатты өмір салтын қалыптастырады. Дені сау ұрпақ өседі, болашақта талай жеңімпаздардың, соның ішінде Олимпиада чемпиондарының шығатынына сенімдімін.
Арсен Баймурзин, футболдан аудандық құрама команданың мүшесі:
– Бұл қамыстылықтар үшін айрықша оқиғалардың бірі. Ашылуын көптен күттік. Ауданның спортшыларының атынан зор алғысымызды білдіреміз. Енді алаңға шығып, ойын көрсетуді ғана күтіп жүрміз.

Стадионның әкімшілік ғимаратының екінші қабатына толықтай әкімшілік корпусы орналасқан, ал бірінші қабаты төрешілер бөлмесі және ерлер мен әйелдер арналған бөлмелер. Душ, ванна, киім ауыстыру бөлмелері тағы бар. Яғни, барлығы заманауи технологиялар бойынша жабдықталған.
– Стадионның жаңартылуымен қатар ондағы қызметкерлер саны үштен жеті адамға дейін өсті. Он киловатқа дейін беретін жеке электр қуаттаушы орнатылды. Соның арқасында стадион электрмен қамту деңгейі жағынан екінші категорияға ауыстырылып отыр, – деді Қамысты ауданының әкімі Ғазиз Бекмұхамедов.

Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ,
Қамысты ауданы