ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІНЕ ТАРТУ
Тұңғыш Президент күні қарсаңында Тобыл қаласында 120 орынға арналған бөбекжай ашылды. Аталған мектепке дейінгі білім мекемесі қаладағы балабақша кезегін 25% дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Жаңа нысанның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова қатысты. Ол құттықтау сөзінде білім берудегі маңызды бағытқа тоқталып өтті.
«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің әлеуметтік саясатында балалардың ерте дамуы мен үздіксіз білім беру ісіне әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Біз соны лайықты жалғастыруға тиіспіз. Бүгінгі жақсы іске куә болып отырған ата-аналар мен тәрбиешілерді шын жүректен құттықтаймын», – деді Б.Есімова.
Балабақша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерді. Құрылысқа «Строй-Хаус» ЖШС 95 млн теңгесі жұмсалған. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін болады. Ата-аналар тек балаларының тамақтануына ғана ақша төлейді: 3 жасқа дейінгі бөбекке тамақтану құны айына – 12096 теңге, 3 жастан асқандарға – 13230 теңге.
Қостанай аудандық білім бөлімі басшысы Маржан Салмағамбетованың айтуынша, жаңа балабақшада отыз адам еңбекпен қамтылып отыр. Барлығы жұмыспен қамту орталығы арқылы орналасқан. Қызметкерлердің айлық жалақысы 80 мың теңгеден басталады.
Жалпы, Қостанай ауданында алты балабақшаға (олардың біреуі жекеменшік) 800-ден астам балдырған барып жүр. Сонымен қатар, мыңнан артық баланы қамтитын 44 мектепке дейінгі шағын орталық бар.
Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде облыста 31 мыңнан астам бала баратын 579 балабақша мен шағын орталықтар (22 653 баласы бар 187 балабақша және 9 044 баланы қамтитын 392 шағын орталық) жұмыс істеп тұр.
Балабақшаның салтанатты ашылуынан кейін Бақыт Есімова жақында ғана күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған №1 орта мектепке барды. Биыл білім ошағының жұмыс істей бастағанына 65, ал қазіргі ғимаратқа көшкеніне 55 жыл толып отыр. Жаңарған нысанда істелген жұмыстарды таныстыру барысында Қостанай ауданының әкімі Жансұлтан Таукенов бағдарлама аясында қолға алынған жобалар жөнінде де айтып өтті.
«Ауданда «Жұмыс қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 20 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде жетеуі білім беру мекемесіне қатысты. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде екі жобаны аяқтадық. Биыл үш мектеп күрделі жөндеуден өтті. Соның бірі – осы №1 орта мектеп», – деді Жансұлтан Таукенов.
Қазір аталған білім ошағында 800-ден астам бала білім алады. Бүгінде оның 486-сы қашықтан оқып жатыр.
«Облыста қашықтан оқитын барлық бала 100% компьютермен қамтылған. Білім басқармасына тағы қосымша ноутбуктар мен планшеттер бар. Кімге қажет, өзі оқитын мектепке хабарласса болады. Аз қамтылған отбасылар ғана емес, бәрі ала алады», – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Б.Есімова.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ