Балаларға базарлық
Қостанай еріктрілері "Жаңа жыл әр үйге" атты акция бастады. Олар қаладағы дүкендерге арнайы жәшіктер орнатты. Бұл жәшіктерге ниет білдіруші жандар конфеттер немесе ойыншықтар қалдыра алады. Ал волонтерлер жаңа жылға санаулы күн қалғанда оларды жинастырып, жиылған сыйлықтарды қораптарға бөліп салып, оларды тұрмысы төмен отбасылардың балаларына және мүмкіндігі шектеулі балдырғандарға таратпақ.
"Мұндай акция Қостанай қаласында тұңғыш рет іске асып отыр. Осылайша мүмкіндігі шектеулі балаларды, аз қамтылған жанұядан шыққан бүлдіршіндерді жарқын мерекемен ерекше құттықтағымыз келеді", – дейді LIDER KZ еріктілер қозғалысының үйлестірушісі Оксана Суфиярова.
Оның айтуынша, акция 25 желтоқсанға дейін жалғасады. Оған дейін еріктілер әр бірнеше күн сайын қораптарға салынған тәттілер мен ойыншықтарды жинап алып отырады. Айта кету керек, осы қозғалыстық әлеуметтік желілердегі парақшаларында бейне және жазба түріндегі мерекелік құттықтаулар қабылданады.