Халық пен билік арасын жақындата түспек

марияшЕлімізде ҚР Президенті жанынан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Оның құрамына танымал саясаттанушылар, депутаттар, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері және қоғам белсенділерінен құралған қырықтан астам адам кіріп отыр. Кеңестің арқалайтын жүгі де ауыр, себебі оған мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзі төрағалық етеді. Жаңадан жасақталған кеңестің басты мақсаты –халықпен тығыз байланыс орнату арқылы қоғамдағы өзекті деген мәселелерді анықтап, тұрғындардың тұрмысын жақсарту. Сондықтан, мен мұны маңызды қадам деп есептеймін. Билік пен халықты жақындату мақсатында құрылған кеңестің арқасында билік халықты түсінсе, ал халық билікке сенетін болады. Өз басым халық пен билік біртұтас болуы керек деп ойлаймын. Бір қуанарлығы, кеңес жұмысының төңірегінде тек қана саяси мәселелер емес, әлеуметтік проблемалар, мем­лекеттік бағдарламалар сарапталып, қаралатын болады. Ең бастысы, атқарушы органдар ел ішіндегі өзекті мәселелерді назарға алып, оның шешімін табуына атсалысатын болады. Бүгінде билік азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесе отырып, өзекті мә­селелерге қатысты шешімдерді бірге қа­былдауды негізгі мақсаты ретінде айқындап отыр ғой. Кеңестің іс-әрекеті арқылы азаматтық сана-сезім, жауапкершілік күшейеді. Осылайша, азаматтық қоғамды қалыптастыру үшін ашық әрі әділ жұмыс істеудің маңызы артады. Біз көпұлтты мемлекетпіз. Бұл кеңестің құрылуы ұлттар арасындағы бірлікті нығайтып, татулықты арттыра түседі деп ойлаймын. Ал, халықтың ауызбірлігі, қоғамдық келі­сім, этносаралық және кон­фес­сия­ара­лық татулық – бұл еліміздің алға жылжуы мен өркендеуінің алғышарты. Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық қоғамдық сенім ке­ңе­сінің алдағы уақыттарда өз нәтижесін көрсетіп, халық пен билік арасындағы көпір боларына сенімім мол.
 
М.ҚАДЫРАЛИНОВА,
Филология ғылымдарының докторы, профессор

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓