Ережелерді ескере жүріңіз
Қостанай Халыққа қызмет көрсету орталықтары карантин кезінде қызмет алу ережелерін тұрғындарға еске салады. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің №53 қаулысына сәйкес, өңірдегі ХҚКО-лар сағат 9-дан 18-ге дейін жұмыс істейді. Бұл ретте мамандандырылған ХҚКО-да жұмыс кестесі екі түрлі: құжаттарды қабылдау сағат 9-дан 16-ға дейін, дайын құжаттарды беру сағат 9-дан 18-ге дейін жүргізіледі.
Барлық ХҚКО жанында, ішінде әлеуметтік қашықтықты сақтау белгілері сызылған. Халыққа қызмет көрсету жөніндегі әрбір бөлімге кірген кезде қызметті алушының температурасы өлшенеді. Тұрғындардан сұралатын басты талап – медициналық масканың болуы.
"Қостанай, Рудный және Тобыл қалаларының орталықтарының қалай жұмыс істейтініне жеке назар аудартқым келеді. Олардан қызметтерді тек кезекті алдын ала брондау арқылы алуға болады. Жаңа кестені ескере отырып, Қостанайдың Халыққа қызмет көрсету бөлімдерінде қызмет алу үшін кезекті сағат 17.30-ға дейін (мамандандырылған ХҚКО үшін 15.30-ға дейін) брондау қажет. Бұл уақыттан кейінгі уақытқа алынған бронь жарамсыз деп саналады. Кезекке бірнеше тәсілмен: egov.kz электрондық үкімет порталындағы арнайы сервис арқылы, 1414 нөмірі бойынша, eGovmobile мобильді қосымшасы, сондай-ақ EgovKzBot2.0 телеграм қосымшасы арқылы тапсырыс беруге болады", – деп түсіндірді "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ Қостанай облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Шыңғыс Әшірбеков.
Сонымен қатар, Шыңғыс Әшірбеков қазір кезекті қайта брондау сервисі жұмыс істеп жатқанын ескерте кетті.
"Егер сіз көрсетілген уақытқа ХҚКО-ға үлгермейтіндігіңізді түсінсеңіз, кезекке қайта тапсырыс бере аласыз. Қайта кезек алу кезінде қызметті алушыға SMS-хабарлама келіп түседі немесе сервистің мәртебесі "Жеке кабинетте" көрсетіледі. Басқа күнге қайта броньдау кезінде алдыңғы уақыт басқа көрсетілетін қызметті алушылар үшін қолжетімді болады. Бірақ ескеру керек кейбір жәйт бар – кезек алу жүктемеңіз көп болған жағдайда басқа күндерге жаңа бронь тағайындау қолжетімсіз, "сізде белсенді бронь бар" деген хабарлама шығады", – деп түйіндеді Әшірбеков.