Аймақта қандай хабар бар?
Жас өнертапқыштар жарысы
Облыста. Республикалық "Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам" инновациялық идеялар байқауында қос қостанайлық оқушы жүлдегер атанды. "Барлық жерде жүретін жүк тиегіш-әмбебап құтқарушы" жобасымен Қостанай қалалық техникалық шығармашылық мектебінің тәрбиеленушісі Александр Русаков І орынды иеленді. Сондай-ақ, Федоров ауданының М.Мәметова атындағы № 4 орта мектебінің оқушысы Никита Ярошевич "Arduino микроконтроллер қорындағы автономды жылыжай" жобасымен III орынды жеңіп алды.
Шеткері көшелер жарықтандырылады
Қостанай. Жыл соңына дейін 4 мыңнан астам шамшырақ орнатылады. Бұл рекордтық өсімге баланып отыр. Өткен жылы облыс орталығында жаңа шам бағаналары мүлдем қойылмаған. Биыл бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 1,5 млн теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Осылайша, қаланың шектері қараңғы көшелеріне жарық келмек.
Екі аптаға жабылды
Жітіқара. Аудандық аурухананың көпбейінді терапевтік және хирургиялық бөлімшелері екі апталық карантинге жабылды. Бөлімшелер қарашаның 4-нен 19-на дейін жұмыс істемейді. Бір ай ішінде 15 қызметкер және 3 пациент коронавирус індетін жұқтырған. Әйткенмен, қабылдау бөлімшесі, инфекциялық бөлімше және туу бөлімшесі жұмысын жалғастыра береді.
Тонналап спирт сақтаған
Қостанай. Күдікті үйінде өз әрекетінің заңға қайшы екенін біле тұра, белгісіз алкогольдік өнімді жасап, лицензиясыз сатып келген. Ол жанармай құю бекетінің қасында «Mercedes-Bens Sprinter» көлігі ішінен 5 литрлік 554 құтыда 2770 литр, 10 литрлік 20 құтыда 200 литр арақ тәркіленді. Ол сот отырысында кінәсін толық мойындады. Қылмыскерге 2 778 000 теңге айыппұл салынды.
Жұмбақ өлім
Қарабалық. Подгородка ауылының 41 жастағы тұрғыны Николай Тюрин түс мезгілінде Үй өзеніне балық аулауға кеткен. Кешкілік туысқандарына қаралы хабар жетеді. Мүрдеде көптеген соққы ізі болған. Бірақ анықтамада оның бронхиалдық астмадан көз жұмғаны көрсетілген. Туыстары мен ауылдастары мұнымен келіспейді. Олар ақиқатын іздеуге бекініп отыр.
Санаторий құрдым алдында
Алтынсарин. «Жайлау» демалыс базасы банкроттың сәл алдында тұр. Бұған себеп – банк алдындағы несиелік қарызының көптігі болып отыр. Осыдан екі жыл бұрынғы 307 млн теңге несиені қайтарып біту мүмкін болмай қалған. Оған қазіргі пандемия себепші. Карантин мерзімі басталғалы клиент қабылдау тоқтатылған. 55 жұмысшысы бар санаторийдің жағдайын «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы талқыға алуда.
Есен-сау табылды
Амангелді. Үрпек ауылының тұрғыны М.Айтмағамбетова 22 жастағы туысы хабар-ошарсыз кеткенін жергілікті полицияға хабарлады. Оның сіңілісі қой бағып жүріп адасып кеткен. Полиция қызметкерлері шұғыл іздестіру шараларына кірісіп, жақын аумақтардың барлығын барлап, тұрғындардан сұрастырды. Нәтижесінде жоғалған қыз табылып, аман-есен үйіне жеткізілді.