“Бизнеске арналған үкімет” веб-порталы құрылады
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Аталған мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, заң жобасы Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауы және Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия аясында берілген тапсырмаларын, сондай-ақ Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарда көзделген шараларды іске асыруға бағытталған. Ұсынылып отырған түзетулер 81 заңнамалық актіге, оның ішінде 14 кодекс пен 67 заңға 9 бағыт бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
«Инвестициялар тарту бойынша инвестиция туралы келісім деп аталатын жаңа құрал енгізу ұсынылады. Мемлекеттік-жекешелік серіктестік тетіктерін жетілдіру және рәсімдерін оңтайландыру көзделеді. Кәсіпкерлікті және нақты секторды дамыту бойынша бизнес субъектілеріне қолайлы жағдай жасау үшін «Бірыңғай терезе» қағидатымен «Бизнеске арналған үкімет» веб-порталын және бизнес әріптестердің тізілімін енгізу жөніндегі тиісті функцияларды бекіту ұсынылады», – деді ол.
Министрдің атап өтуінше, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларында жаңадан құрылатын нысандар үшін инвестициялар шегін 2 есеге дейін төмендету көзделіп отыр.
«Сауда саясаты бойынша сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу бойынша түзетулер ұсынылады. Бұл ретте аккредиттеу жөніндегі органға аккредиттеу схемаларын, тізілімдерді регламенттеу жөніндегі құзыреттер бекітіледі. IT саласындағы экспортты дамыту мақсатында шығындардың бір бөлігін өтеу үшін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы өнімдер тізбесін кеңейту ұсынылып отыр», – деді Руслан Дәленов.