Президент: Ішкі көші-қон жәрдемақысы екі есе көбеюі керек
Ішкі миграцияны ынталандыратын қосымша шара ретінде оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін 35 АЕК-тен 70-ке дейін көбейткен жөн. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 4-отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Сонымен бірге ел ішіндегі миграциялық үдерістерді реттеу ісінің тиімділігін арттыра түсу қажет. Бұл ең алдымен азаматтарымызды еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне көшіруге қатысты. Осы мәселе Ұлттық кеңесте бірнеше рет көтерілді. Оны кешенді түрде шешу үшін біріншіден, электронды еңбек биржасының базасында бірыңғай ақпараттық ресурс құру керек. Көшіп барушыларға мемлекет көрсететін қолдау жөніндегі барлық ақпаратты тікелей әрі жедел алуы қажет. Екіншіден, қазіргі көшуге қатысты мәселелерді оңайлатқан жөн. Мемлекет мигранттарға барынша қолайлы жағдай жасуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті қоныс аударушыларды ынталандыратын қосымша шара ретінде оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін 2 есеге, яғни 35 АЕК-тен 70-ке дейін көбейткен жөн деп санайтынын айтты. Ол Үкіметке бір айдың ішінде осы мәселені зерттеп, тиісті шешім қабылдауды тапсырды.