Күздің алғашқы жәрмеңкесі
Бүгін Қостанай қаласында азық-түлік жәрмеңкесі өтті. Сауда-саттық шарасына облыстың 13 ауданы және Қостанай мен Рудный қалаларының кәсіпкерлері қатысты. Көп күттірген жәрмеңкеге 140 кәсіпорын 130 тоннадан астам өнім әкеліп сатты. Оның 30 тоннасы – ет өнімдері, 10 тоннасы – күнбағыс майы және қант, 12 т. – картоп және 45 тоннасы – басқа көкөністер. Жәрмеңке сайын саудасы қазатын жұмыртқаның бұл жолы 145 мың данасы саудаға шығарылды. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы мен қалалық әкмідік өкілдері алдын ала ақпарат бергендей, тауарлар құны нарықтағы бағадан 15-тен 30%-ға дейін арзан болды. Мәселен, сиыр және қой еті – 1800, жылқы еті – 1900, шошқа еті – 1600, құс еттерінің келісі 800 теңгеден сатылды. С1 сұрыпты жұмыртқаның он талы 290-300 теңгеге бағаланған. Ұнның жоғары сұрыптысы – 160 теңге, 1-сұрыбының келісі 140 теңге болып белгіленді. 900-1100 теңгелік шұжық өнімдері де таразы үстінен "талапайға" түсті. Қостанайлықтар картоп, жуа және орамжапырақ келісін 70 теңгеден сатып алды. Сұйық майдың литрінің 390 теңгеге бағалануы да халық қалтасына жеңіл тиген сыңайлы. Жалпы, жәрмеңкедегі өнімнің көбі тұрақтандыру қорынан әкелініп отыр. Ондағы азық-түлік қоры жеткілікті.
"Тұрақтандыру қорына барлық азық-түлік түрі сатып алынды. Қазір тек ұн ғана әкелінуде. Негізінде, бүгін жәрмеңке сөресіне қойылған өнімдердің бәрі қорда бар, – дейді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тимур Бисимбаев. – Жұмыртқаның нарықтағы бағасының ауытқуына байланысты, қор белгілеген құн 290-300 теңгенің айналасында болып отыр. Дәл мұндай бағамен облыстағы 130 дүкенде сатылады".Басқарма басшысы келесі жәрмеңкенің өту-өтпеуі санитарлық жағдайға тікелей байланысты екенін, ахуал тұрақталып жатса, сауда-саттық мерекесін өткізуге әркез мүмкіндік барын айтты. Аудан-қала кәсіпкерлері де жәрмекеге қатысуға әркез дайын екендерін айтады.
"Біз бүгін сауда-саттық шарасына сиыр, жылқы еттерін және бал өнімреін алып келдік. Бағаны 30-40%-ға дейін төмендетіп отырмыз. Жәрмеңке халыққа да пайдалы, бізге де өнімдерімізді өткізуге жақсы мүмкіндік, – дейді Қарабалық ауданы Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ағыбай Бейсенбаев. – Бұның алдында, 3-4 қазанда өнімдерімізді Нұр-Сұлтан қаласына да апардық. Ол жақта да ет өнімдері түгелдей өтіп кетті. Жәрмеңкенің ешқайсысын қалдырып жүрген жоқпыз".
Жалпы, жәрмеңкеге жұрт көп жиналды. Әйтсе де ығы-жығы жұртшылықтың карантин талаптарын бұзбауды қадағалауға санитарлық дәрігерлер арнайы шақыртылып, тәртіпті бақылауға полицейлер жұмылдырылды.