Диляра Қайдарова: «Ісік дерті – өмірдің соңы емес»
Расын айтсақ, биылғы жыл Covid-19 індеті және онымен қатар келген пневмония – біз үшін белгісіз әрі қатерлі дерт түрі болғаны анық. Дегенмен елімізде басқа сырқаттардың да асқынып тұрғанын қаперімізден шығармағанымыз абзал. Аурудың жақсысы, жеңілі жоқ, бірақ ел ішінде аты да айтылмай, «жаман ауру» атанып кеткен онкологиялық сырқат бойынша Қазақстан әлем мемлекеттері арасында алдыңғы орындар қатарында екені есімізден шықпағаны жөн.
Жалпы, онкологиялық сырқаттар қалай пайда болады, оның алдын алу мен емдеу елімізде, соның ішінде Қостанай облысында қай деңгейде? Өңірімізге арнайы келген Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы Диляра Қайдарова осы сауалдарға қысқаша жауап берді.
– Өзім бастап, Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры О.Шатковская, Онкология-гинекология орталығының жетекшісі Е.Кукубасов, Маммология орталығының жетекшісі А.Абдрахманова қатарлы білікті мамандар Қостанай онкологиялық көпбейінді ауруханасы базасында Ашық есік күнін өткізуге келіп отырмыз. Қазан – сүт безі обырына қарсы күрес айы, яғни, «қызғылт қазан» атауына ие болған мезгіл. Бұл айда Қазақстан бойынша сүт безі обырын анықтау мақсатында скринингтер жүргізіледі. Барлық жерде ашық есік күні белгіленіп, шеберлік сабақтары өткізіледі. Оның үстіне Қостанай облыстық онкологиялық диспансеріндегі әріптестеріміздің жұмысымен танысып отырмыз. Келген басты мақсатымыз бойынша барлығы ойдағыдай жұмыс істеп жатыр екен. Ескерту жоқ.
– Ісік дерті, соның ішінде әйелдер арасында сүт безі обырының «жасарып» келе жатқаны жөнінде дабыл қағылғалы қашан. Бұл ауру синдромын ерте бастан анықтау үшін медициналық салаға не істемек керек?
– Онкологиялық ауру әлем бойынша ондаған жылдардан бері айтарлықтай саны артқан індеттің бірі. Қазақстан әйелдердің дертке шалдығу саны жағынан алдыңғы орында. Бұрын 40 пен 50 жас аралығында ауырғандарды ерте деп есептеп келсек, бүгінгі таңда отыз жасқа дейінгі келіншектерге жетті, тіпті, өкінішке қарай жиырма жасар бойжеткендерден де табылып жатыр. Соның ішінде өзіңіз айтқандай, сүт безі обырына ерте жастан шалдығу белең алып барады.
Адам денсаулығы толықтай дәрігерге ғана байланып қалған жоқ, азаматтарымызға да байланысты. Әр адам өз денсаулығына жауап береді емес пе. Бірінші кезекте – саламатты өмір салты. Осы ретте көптеген әдет-дағдыларымыздан арылғанымыз жөн. Қостанай облысында колоректалды рак, яғни, тоқ ішек ісігі көптеп кездеседі. Бұл жақта қызыл етті тұтынуды азайту керек. Аптасына бір рет пайдалану керек. Қалған күндері құс, балық еттерін жеуге кеңес беремін. Темекі өкпе ісігіне әкеп соғатынын білесіздер. В, С гепатиттері бауыр ісігіне айналып жатыр. Адам папилломасы вирусы – жатыр ісігіне, хеликобактер пилори – асқазан ауруына әкеп соғуда. Денені ұзақ уақыт күнге күйдірудің өзі аса қауіпті екенін ұдайы естен шығармаған дұрыс.
– Обырдың белең алуы біздің қоғамның салғырттығы ма, әлде ақпараттық насихаттың әлі де жетпей жатқандығынан ба? Сөздің ақиқаты, көбіміз жүре-жүре келіп, әбден ауру асқынғанда барып дәрігердің есігін қағып тұрамыз…
– Бұған келісемін. Рас, ел арасында осыны түсіндіретін ақпарат жетіспей жатыр. Біз қай заманнан бері тұрғындарға компьютерлік томография – скриннингтен өтіңдер деп келеміз. Әр адам өз денсаулығына жауапты болу керек емес пе. Кейде журналистердің өздері бізден «скрининг тегін бе» сұрайды. Жатыр, сүт безі, тоқ ішек жағынан компьютерлік томографиядан өту барлық емханаларда тегін деп айтып келеміз. Қаралу бөлмесіне барса жеткілікті. Жылына кем дегенде бір рет тексерілу алгоритмі болу керек. Жиырма жыл темекі шеккендер міндетті түрде өкпесін кемінде рентгеннен, одан әрі томографиядан өтіп отыру қажет. Мәселен, Қостанайда компьютерлік томография жағынан жетіспеушілік жоқ. Бірақ темекі шегетіндердің барлығы өтіп жатыр ма? Бір ғана қаланың шылымқор тұрғындарын тексеріп шығыңызшы, өкпе ісігі табылары анық. Мен де осындағы әріптестеріме өңірлердің тұрғындарын тез арада компьютерлік тексеруден өткізіңіздер дедім.
– Жаппай тексеруді кім ұйымдастырады – денсаулық сақтау өкілдері ме ме әлде жұмыс беруші тарап па?
– Еңбек Кодексінде жұмыс беруші жұмысшының денсаулығын жауапкершілікке алады деген тармақ бар. Жұмысшы скринингтен өтуге бірнеше күнге өтініш жазып сұранатын болса, жұмыс беруші оны босатуға міндетті. Алайда осы күндердегі жалақысы сақталып қалады.
– Онкологиялық аурудың кеш анықталуына жергілікті дәрігерлердің де кінәсі болып жатады. Осы жағын қалай бірізді етіп, ретке келтіруге болады?
– Рас, өңірлердің емханалары арасында қараушы дәрігерлердің кінәсінен аурудың анықталмай, кейін асқынып кеткенде бір-ақ белгілі болып жататын кездері аз емес. Бірақ бірден анықталмайтын ісік түрлері де бар. Мәселен, ұйқы безінің қатерлі ісігін анықтау қиын. Симптомы соңғы төртінші сатысында ғана белгілі болып жатады. Ал жатыр ісігі кезінде әйел адам өзі дәрігерге кеш қаралып жатады немесе медицина қызметкері оны шақырмаған болып шығады. Сол себепті, кінә қайдан болғаны туралы мұндай жағдайларды үнемі қадағалап келе жатырмыз.
– Індетпен күрес, алдын алу, оны емдеу қаншалықты нәтиже беріп жатыр?
– Ісік дертіне шалдығу – өмірдің соңы емес. Бірінші, екінші сатысы жүз пайыз емделеді. Тіпті, үшінші сатысын отасыз-ақ емдеу тәсілдерін қолданатын болдық. Ондай ем алған адамдар өмір сүріп кетіп жатыр. Тағы бір айтарым, адам папилломасы вирусына (жатыр ісігіне) қарсы бірден-бір ем – вакцина алу. Оны балиғатқа толғаннан 26 жасқа дейін салдыру керек. Егер бойжеткен кезден жыныстық қатынас арқылы вирус жұқтырған қыз балада қырық жасқа келгенде ісік аурулары анықталатыны ғылыми дәлелденген. Оны біз тәжірибе сынағы кезінде де анықтадық. Айрықша айтатын жайт, вакцина алғаннан кейін бедеулікке ұшырайды деген сөздерді жиі естиміз. Ол қате пікір. Әзірге мұндай вакцина біздің елге жеткен жоқ, кезекте тұрмыз. 2022 жылдарға қарай жетіп қалар деген болжам бар.
– Диляра Рафикқызы, қаншама өңірлерді аралап келесіздер. Жалпы, пациенттерге айтар қандай кеңесіңіз бар?
– Жоғарыда обырдың алдын алу жайында айттым. Алда пандемияның екінші толқыны басталады деп жатыр ғой. Мәселе пандемия келді, келмеді дегенде емес, бірақ сырқаты барлар өте күтінгендері абзал. Адамдармен аз қарым-қатынаста болып, санитарлық, гигиеналық тазалықты мұқият сақтағандары жөн. Бетін аулақ, коронавирус, пневмония қайта өршіп кету қаупі туындаған жағдайда оны жұқтырудан сақ болсын деймін. Басы артық ешқайда бармауына кеңес беремін. Онкологиялық сырқаттардың иммунитеті өте әлсіз болғандықтан, оларға тұмаудың өзі өте үлкен салмақ, күресу қиынға соғады. Бетін аулақ, КВИ қайтадан өршіп кетсе, карантин уақытында емделуге ешқайда шыға алмай қалатынын жаздағы аласапыран көрсетті ғой.
– Уақыт тауып, сұқбат бергеніңізге рахмет!