Шоқан мектебінің шыңы

Бүгінгі заман – дамыған заман, бүгінгі заман – жаңашылдықтың заманы. Осы заманда  ұстаз тұлғасы да ерекшеленері хақ. Заман талабы тұрғысынан көз жүгіртсек   «Ұстаз болу – жүректің батырлығы» деген сөз тегін айтылмағандығы  дәлелденеді. Тәуелсіздіктің үкілі байрағын тұғырымызға түптеп қондырып, барымызды бағалап, жоғымызды түгендеген аламан ғасырымызда , жаңашылдықтың жетегіне ерген заманда  ұстаз тұлғасы да дараланды. Бүгінгі заманның ұстазының келбеті  «заманына қарай адамы» сөзімен ұштасады. Әлемдік тәжірибе баланың ой-санасын ұстаз ғана оята алатындығын дәлелдеді, демек, ұстаз – жеке тұлға, ұстаз – кәсіпқой, ұстаз – азамат, ұстаз – зерттеуші. Осындай ұстаздың қызметі сыныптың және жалпы мектептің түбегейлі өзгеруіне оңтайлы  әсер етеді, мектеп жүйесін жақсарту үрдісінің тұрақты дамуына ықпал жасайды. Мұғалім – мектептегі басты тұлға. Қай мектептің болсын, нәтижелі, жемісті жұмыс істеуі, түптеп келгенде, сол оқу орнында еңбек ететін әр мұғалімнің өз міндетіне, қарым-қатынасына, көзқарасына тікелей байланысты. Мұғалім әрқашанда болашақ үшін қызмет етеді. Бүгінгі заманның ұстаздарының алдында түрлі асулар тұр. Дей тұрғанмен сол асулардан барлық ұстаздарымыз аспасы анық. Заман талабын орындай білген ұстаз ғана қандай асулар тұрса да  мүдірмесі анық. Ұстаздық жолдың әр қадамынан сүрінбей өтіп, өзінің ұстаздық келбетін қалыптастыра білген ұстаз – нағыз бақытты ұстаз. Сондай бақыттың тізгініне ие болған адам жайлы қалам тербемеу тоңмойындық болып табылар еді.
Рисунок2
Біздің мектебіміз ұлы ғалым Шоқан атымен аталады. Қасиетті қарт Торғайдың төсіндегі арайлы Арқалық қаласының қара шаңырағында  Кенжеғалиева Сәуле Қапсұлтанқызы атты ұстазымыз бар. Қара  шаңырақта ұстазымыздың еңбек жолының өрілгеніне отыз тоғыз жыл болған. Отыз тоғыз жыл ойлана қараған адамға Алатау тауының шыңынан көз тастағанмен бірдей.  Физика саласының майталманы болған Сәуле апайымыз  «Сабақ беру жай үйреншікті нәрсе емес, ол жаңадан жаңаны табатын нәрсе» деген  Жүсіпбек Аймауытовтың  сөзін ұстанған ұлағатты ұстаз. Әр сабағын  қызығушылықпен өткізе отырып, оқушыны дара  тұлға ретінде, өзіндік  «мені» қалыптасқан тұлға ретінде қалыптастыратын дара әрі дана ұстаз. 
Рисунок3
«Сабақ – оқытушының педагогикалық мәдениетінің айнасы», -деп А.Сухомлинский дәл айтқан. Сәуле Қапсұлтанқызының  сабағы  ол кісінің ұстаздық тұғырдағы орнын дәл анықтайды. «Мен еш уақытта өз оқушыларыма еш нәрсе үйретпеймін. Тек қана олардың оқуы үшін жағдай жаратамын» деп  Альберт Эйнштейн  атап өткен екен. Осы сөзді негізге алсақ Сәуле Қапсұлтанқызы өз шәкіртерін ізденіс жолына түсірген бүгінгі заманның ізденімпаз ұстазы. Қазіргі кезде оқушы бойында білім, білік, дағды қалыптасу керек болса, осы міндетті жүзеге асырушы да Сәуле  Қапсұлтанқызы деп айтар едім.  Мұның өзінен ұстаз бойындағы көрегенділікті анық байқауға болады. Ұстаз көрегенділігі әрқашан  қажет нәрсе.
 Сәуле Қапсұлтанқызы мұғалімдерді даярлайтын біліктілікті арттыру курсының бірінші деңгейінің мұғалімі. Мұғалім әрқашан ізденісте, жаңашылдыққа ұмтылуы шарт. Осы шартты жүзеге асырушы да Сәуле апайымыз. Сәуле Қапсұлтанқызының өз ісіне жауакершілігі, ізденгіштігі, шәкірттеріне ыстық ықылас-пейілі, кең жүректілігі – олардың өмірге құштарлығының, жастық жігер, жалынының күш-қуат алар қайнар бастауы. Педагогтың кәсіби қызметі оның мінез-құлқымен сабақтас. Бұл сабақтастықтан айрылған мақұрым қалмақ. Осындай сабақтастықты біздің Сәуле Қапсұлтанқызы  толықтай жүзеге асырады.
Ғалым Алма Қыраубаева «Баланы  қолынан іс келетіндігіне сендіре біл. Оның өзінше бір ғажайып құбылыс иесі екендігін сезіндіре біл» деген екен. Еліміздің бүгіні мен ертеңі өскелең ұрпақ еншісінде. Ал осы ұрпақты бүгінгі таңда жан–жақты, терең білімді, интеллектуалдық деңгейі  жоғары, өз бетімен ізденуге қабілетті етіп қалыптастырудың бірден-бір жолы – оқушыны шығармашылыққа жетелеу. Бұл мұғалімнен терең біліктілікті қажет етеді. Себебі шығармашыл ұстаз ғана шығармашыл тұлғаны қалыптастыра алады. Ал, біз тілге тиек еткен Сәуле Қапсұлтанқызы шығармашыл ұстаз.
Бүгінгі таңда елімізге педагогика мен психологияны терең меңгерген ұстаз қажет. Осы қажеттіліктің орнын Сәуле Қапсұлтанқызы толықтыра алады. Себебі, ол өзінің өмірлік тәжірибесінде  Әбунасыр әл Фарабидің «тәрбиесіз берілген білім- адамзаттың хас жауы» деген сөзін ұстаным еткен  талғамы ерекше, тағылымы мол ұстаз. Сәуле Қапсұлтанқызының тәрбиесінен сусындаған әр шәкіртті бақытты жан деп есептер едім. Ол кісінің  айтқан әр тағылымды сөзі жүректе мәңгі қалары даусыз.
 «Мұғалім жауапкершілігі» деген ұғым болса, бұл ұғымның ережесін  Сәуле Қапсұлтанқызының ұстаздық тұлғасына қарап шығаруға болады.  Жауапкершілікті өз жұмыс жүйесінің  компасы ете білген Сәуле апайдың тұлғасы қай уақытта да ерекшеленіп, мен мұндалап тұрады.
«Баланың жан – дүниесін түсінбейтін мұғалім – жай ғана сабақ беруші» – деп Алма Қыраубаева дәл айтқан. Сәуле Қапсұлтанқызы  баланың жан- дүниесіне  терең психологиялық зерттеумен үңіле білетін  жан. Ол кісі жай ғана сабақ беруші емес, заман талабын орындаушы нағыз адам, нағыз ұстаз. Ұстаз ұлағаты әрқашан  ұмытылмасы анық.  Шәкірт жүрегінен орын таба білу – нағыз бақыт. Осы бақыттың кілті біздің Сәуле Қапсұлтанқызының қолында десек жаңсақ айтқандық болмас. Білімнің түренін салып, дала қоңырауы атанған Ыбырай Алтынсарин «Ұстаз – мектептің жүрегі» деген екен. Сол сөздің дәлелі деп мен еш қаймықпастан, еш ойланбастан, еш дәлелдеуді күтпестен Сәуле Қапсұлтанқызын Шоқан атындағы мектептің жүрегі, аңыз адамы деп атар едім.
Тәуелсіз еліміздің  білім саласының дамуына  сүбелі үлес қоса білген  Сәуле Қапсұлтанқызының есімі шәкірт жүрегінде алтын әріптермен жазылары хақ. Бұл – өмір шындығы.
 
            Жұлдызай Мұратәліқызы, 
 Арқалық қаласы Ш.Уәлиханов атындағы №1 жалпы орта білім беретін мектебінің 
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
 

You may also like...

1 Response

  1. Қолқоюсыз айтты:

    Шоқан Уәлиханов мектебінің тұлегі болғанымыз үшін мақтанамыз.

    Біз оқыған кезде 6 орыс,аралас мектепке білім жағынан да,өнер,тәрбие жағынан да төтеп беретін едік.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓