Заң ойын, қару ойыншық емес
"Қару" жедел алдын алу іс-шарасы барысында 39 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. Іс-шара облыс аумағында атыс қаруымен жасалған қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ қаруды, оқ-дәрілерді заңсыз айналымнан алып тастау және қарудың заңсыз сақталуының алдын кесу үшін өткізіледі. Операция кезінде полицейлер қару иелерінің тұрғылықты жерін аралап, аңшылық алқаптарда, шалғайдағы шаруа қожалықтарында рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Рейдтің алғашқы күні полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан бес қару-жарақ, оның ішінде үш тегіс ұңғылы, бір газды, бір электрлі қаруды тәркіледі. Тәртіп сақшылары пәтерлерді аралау барысында 812 азаматтық қару иесін тексерді, азаматтық қару айналымы саласында 39 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Қаруды сақтау, өзімен алып жүру және тасымалдау ережесін белден басқаны үшін 22 адам, тіркеу тәртібін бұзғаны үшін 12 азамат, қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны үшін бес тұрғын жауапкершілікке тартылды.
Облыстың 17 тұрғыны тегіс ұңғылы қаруды өз еріктерімен тапсырған. 12 азаматтың қару сақтау және алып жүру құқығы жойылды. "Қару" жедел алдын алу іс-шарасы 25 қыркүйекке дейін жалғасады.