Кешеуілдеу бар
Бүгінгі таңда өңіріміздегі 105 жылыту қазандығының 98-і, 733 автономды жылыту жүйесінің 701-і күзгі-қысқы маусымға әзір. Жоспардағы 43 шақырым жылу жүйесінің 32 шақырымы, 89,97 шақырым су құбыры жүйесінің 87,5 шақырымы жөнделген. Ал электр жүйесін жөндеу жұмыстары толық орындалып отыр. Былтыр дәл осы кезеңде жылыту маусымына дайындық жүз пайыз дайын болатын, биыл кешеуілдеу бар.
Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Дәурен Асқаров аймақ әкімдігінде өткен кеңейтілген мәжілісте баяндады. Сылбырлық танытқан өңірлерді тізіп берді.
– Науырзым ауданында жылыту қазандығы 50%-ке, Әулиекөл ауданында жылу жүйесін жөндеу 33%-ке, су құбырлары мен канализацилық жүйелердің құрылысы жөнінен Қостанай қаласы 79%-ке, Лисаков қаласы 93%-ке әзір. Автономды жылыту жүйесі бойнша Сарыкөл ауданы 54%, Арқалық 86%, Жангелдин 92% дайын. Білім беру нысандары жағынан Ұзынкөл (86%), Қостанай (96%) аудандары толық дайын емес, – деді Д.Асқаров.
Бұдан бөлек, басқарма басшысы Арқалық, Ұзынкөл, Жангелдин өңірлерінде денсаулық сақтау нысандары, Арқалық, Қамысты, Сарыкөл, Ұзынкөл аудан-қалаларында әлеуметтік нысандар, Арқалық, Әулиекөл, Науырзым тұрғын үйлер алдағы маусымға толығымен әзір болмай отырғанын жеткізді. Ал Б.Майлин, Денисов, Жітіқара, Қарасу, Қарабалық аудандары мен Рудный қаласының қарқыны жоғары.
Облыстың бюджеттік мекемелерінің көмір түсіріп алуы да бәсең – 75%. Жангелдин, Ұзынкөл, Алтынсарин, Арқалықта отынмен қамту көрсеткіші төмен. Биыл көмірдің тоннасы 12245 теңге.
– Коммуналдық кәсіпорындар 11,5 мың тонна (23%) көмір қорын жинап отыр. «Арқалық ЖЭК» МКК және «Науырзым сервис» ЖШС көмір жеткізу жөніндегі келісім жасалған жоқ. Ал халықты көмірмен қамту 77%-ті құрайды. Өңірде 38 теміржол тұйығы болса, оларға 121 мың тонна (28,5%) көмір жеткізілді, – деді басқарма басшысы.
Қостанай қаласында жылумен қамту нысандарының тоқтаусыз жұмыс істеп тұруы үшін алдағы маусымда «Қостанай-Су» мекемесіне 4 дизель электр станциясы берілген. Сондай-ақ, Қостанай жылу-энергетикалық компанияға құны 761,6 млн теңге болатын газ-поршеньді қондырғы орнату мәселелері шешіліп жатыр екен. Жалпы, облыс бойынша жылумен қамту жүйесінің үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуі мақсатында 27 жоба әзірленіп, оған бюджеттен 13 млрд теңге бөлініп отыр.
Бүгінгі таңда тұрғындардың коммуналдық төлемдерге берешегі 657,4 млн теңге. Бұл қарыз былтырға қарағанда 40,7 млн теңгеге көп.