Жаңа маусымда – жаңа басшы

Таяуда ғана Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының басшысы болып опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сүндет Байғожин тағайындалған еді. Даңқты жерлесіміздің директорлық тізгінін қолына алуы жаңа маусымның басталуымен тұспа-тұс келді. direktor-filarmonii
"Маған облыстық Мәдениет басқармасынан туған жерде қызмет ету ұсынылғанда, еш ойланбастан ұсынысты қабыл алдым. Бұл, ең әуелі, маған артылатын үлкен жауапкершілік, зор құрмет және ерекше қуаныш, – дейді жаңа директор. – Әрине, өзім шығармашылық адамы болғандықтан, мұның барлығы жаныма жақын, ыңғайыма келері сөзсіз, ал әкімшілік тұрғыдағы кейбір мәселелерге бейімделуге әріптестерім көмектеседі. Ең бастысы, мен туған жеріме оралдым және қызметке жан сала кірісіп, бар күш-жігерімді жұмылдыруға дайынмын. Облыстың мәдени имиджі мен үшін аса маңызды".
Сүндет Байғожиннің тағайындалуы 76-шы концерттік маусымның ашылуымен тұспа-тұс келді. Бірақ, бұл маусым карантин шектеулеріне байланысты онлайн режимінде өтеді. Тың шығармашылық кезеңнің шымылдығын әртістер жарты сағаттық концертпен ашып берді. Оның жазбасын YouTube арнасынан және филармонияның Facebook желісіндегі парақшасынан көруге болады. Жаңа басшының айтуынша, филармония жұмысына аса ауқымды өзгерістер ене қоймайды. Қалай дегенмен, пандемия өз үстемдігін жасап, шығармашылықтың да кеңге қанат жаюына мүмкіндік бермей отыр. Әйткенмен, өнерсүйер қауым филармония ұжымының концерттерін ұдайы онлайн форматында тамашалай алады. Оның үстіне, бұдан былай дегдар дарын Сүндеттің ғажайып даусын да бұрынғыдан жиірек естиміз деген үміт бар.
 
Сурет Әбіл Дощановтікі

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓