Облыс әкімі №11 блок-бекетке барды
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қарасу ауданындағы №11 (Сұрған) блок-бекетінде болды. Бұл өткізу посты Қостанай-Әулиекөл-Сұрған тас жолының 240 шақырымында Жанысай ауылының жанында орналасқан.
Өңір басшысы ондағы қызметкерлермен кездесіп, жұмыс және демалыс жағдайларын қарады. Мұнда екі ауысым бойынша 12 сағат кезекшілік жүргізіледі. Бір ауысымда 6 полиция қызметкері, оның ішінде 3 арнайы жасақ қызметкері, сондай-ақ, 2 медицина қызметкері жұмыс істейді.
Полиция қызметкерлері облыс аумағына кіретін көліктерді тіркеумен айналысады, ал дәрігерлер кірген адамдардың температурасын өлшейді.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жалпы алғанда, санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қамтамасыз ету бойынша жауапты мемлекеттік органдардың дайындығын оң бағалады.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев.