Алаяқтардан абай болыңыздар!
Бүгінде қоғамда цифрландыру саласында айтарлықтай мән берілген. Біздің өңірде де көптеген қызмет түрлері цифрлық жүйеге көшіп, уақыт үнемдеуге мүмкіндік берді. Оның үстіне әлемге тараған мына дерт цифрландыру саясатына одан әрі екпін түсірді. Соның әсерінен үйде отырған халық түрлі қажетті қызметтерге қол жеткізіп, білім алуға, комуналдық төлемдер жасап, қажетті тауарлады сатып алып үйге алдыруға мүмкіндік алды. Дегенмен, электронды жүйені терең игеріп, оны кері бағытта пайдаланып, халықты алдап, айласын асырып жүргендердің саны көбейді.
Алаяқтық қылмыстың жиілеу себебі мен қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында сіздерге ескерту шараларын жеткізгіміз келеді. Алаяқтар ғаламтор арқылы немесе ұялы телефонға хабарласу арқылы адамның сеніміне кіріп, алдап ақшасын жымқырады. Сонымен қатар, көбіне алып сату сайттарында (kolesa.kz, Instagram, WatsApp жүйелерінде) және тағыда басқа парақшаларда жалған заттарды сатылымға қойып, төлем ақшасын ғаламтор арқылы банк шотына жіберуін сұрайды. Кейін ақшасын алған соң байланысты үзеді. Немесе банк өкілі ретінде сізге хабарласып «біреулер сіздің атыңыздан несие алғалы жатыр, сіз келісесіз бе?» – деп, я болмаса біреулердің сіздің шотыңыздан ақша аударғалы жатқанын, шотыңызжың уақытша бұғатталатынын жеткізеді. Сонымен қатар шоттағы ақшаны сақтандыру мақсатында басқа шотқа уақытша аударуын сұрайды. Сөйтіп, ақшаны алып ізім ғайым жоқ болады. Сол себепті барша халықты алаяқтар құрығына түсіп қалмас үшін сақ болуға шақырамыз! Себебі, кейін басыңызға іс түскенде сан соғып, бірнеше жыл жинаған ақшаңыздан айырылып қаласыз. Ол сәтте бәрі кеш болмақ.
Сондықтан, өз ақшаңызға байланысты әр істеген қадамыңызға мұқият болып, әркімге сенбеуге, әдемі сөздерге алданбауға шақырамын. Алғалы жатқан затыңызды қолыңызбен ұстап, сатушыны көзіңібен көріп, сөзге емес, мөр басылып, қолтаңба қойылған құжаттарға сенім артқан абзал. Осы ақпаратты міндетті түрде жанашыр жақын жандарыңызға ескертіп айтып жүрген жөн болады. Болған қылмысты тергеп-тексеріп ақиқатын ашқаннан, болар қылмыстың алдын алған әлде қайда тиімді. Барлығы өз қолымызда. Алаяқтардан абай болыңыздар
Қостанай ауданы Пб ТБ тергеушісі,
полиция аға лейтенанты А.Б. Кушекбаев