Құрыштан құйған құдірет…
Бүгін ҰОС ардагері, журналистика саласының қаламы жүйрік майталманы, ұлт өнерін насихат еткен сұңғыла жыршы-термеші, ақпа ақын, ұлағатты ұстаз Қасымхан Алдабергенов 95 жасқа толды. Осыған орай, Қостанай облысы әкімінің құттықтау сәлемін жеткізуге Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов абыз ақсақалдың шаңырағына арнайы барды.
Кеудесі қазынаның көмбесіндей, өмірі бір дәуірдің шежіресіндей текті тұлға 95-тің белесін бағындырды. Жаңа жасын тік еңсемен қарсы алып, өзін ғана емес, тілеулес ел-жұртын да қуанышқа кенелтіп отыр. Осынау сүйегі асыл қарияға аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов те лебіз хатын жолдады.
«Құрметті Қасымхан Алдабергенұлы! 95 жастың асқарына шыққан торқалы мерейтойыңыз құтты болсын! Біз Сізді өмірден тоқығаны мол, халықтың асыл қасиеттерін бойына жинаған, өнегесі мен өнерін бойтұмар етіп тағынған, ғұмырын елдің болашағына арнаған, кемел ойлы тұлға ретінде танимыз және құрмет тұтамыз.Сонау сұрапыл жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, жерімізді жаудан азат етіп, бейбіт күнді жақындатқан майдангерсіз. Ерліктеріңіз үшін таққан кеудеңіздегі жарқыраған жұлдыздар соның айғағы. Қашанда еңбексүйгіштік қасиетіңізбен және қоғамдық белсенділігіңізбен ерекшелендіңіз. Осынау мерейлі белеске Сіз абыроймен жеттіңіз, артыңызда жарқын ізіңіз сайрап жатыр. «Қостанай таңы» газетінде меншікті тілші бола жүріп, көрнекті журналист ретінде тың тақырыптарға қалам тербедіңіз.Ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, жыраулық дәстүрдің жалғастырушысы болдыңыз, айтысты дамытуда да Сіздің қолтаңбаңыз бар. Игілікті істеріңіз осылай жалғасып кете береді, сол үшін де Сізге деген алғысымыз шексіз. Сіздің өмір жолыңыз кейінгі жастарымызға үлгі, асыл мұра. Сізді халқымыздың ардақты азаматы ретінде мақтан тұтамыз. Қадірменді Қасымхан Алдабергенұлы! Сізді мерейтойыңызбен тағы да құттықтай отырып, сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық,, бақыт пен береке тілеймін! Әрдайым еліміздің тілекшісі, ұлтымыздың жанашыры болып, ортамызда аман-есен жүре бергейсіз!», – делінген облыс әкімінің құттықтау сөзінде.
Ерлан Болатұлы қазақы дәстүр бойынша, мерейтой иесінің иығына шапан жауып, зор құрмет белгісі ретінде гүл дестесін сыйлады. Ардақты ақсақалдың айрандай ұйыған отбасымен бірге дастархан басынан дәм татып, ақжарма тілегін айтты. Қасымхан атамыз да қолына қара домбырасын алып, меймандарына жырдан тарту жасады. Меншікті мерекесі қарсаңында осындай құттықтау лебізіне кенеліп, көңілі өсіп, мерейі тасыған қария басқарма басшысы бастап келген азаматтарға алғаусыз алғысын айтып, ақ батасын берді.Қасымхан атамыздың өмір жолы тағылымды тарих, тұнған өнеге іспетті. Нағыз шарболаттай шыңдалған тағдырдың иесі. Бозбала шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келіп, 17 жасында майдан даласына аттанды. Жаужүрек сарбаз соғыс аяқталып, от пен оқтың ортасынан елге есен-сау оралған соң қолындағы қаруын қаламға айырбастады. Облыстық "Қостанай таңы" газетінде тілші болып қызмет етіп, шығармашылығын шыңға шығандатты. Бүгінгі өскелең журналистерге сабақ болар көптеген дүние жазды. Ұстаздық еңбегі де өмірінің өнегеге татырлық белесі. Ұлтымыздың жыршылық-термешілік мұрасын насихаттауға қосқан үлесі де ұшан-теңіз. Құймақұлақ орындаушы қазақтың алтын қорына көптеген жауһар шығармалар қосты. Олардың қатарында ұлы Абайдың "Масғұт", "Ескендір" поэмалары, сондай-ақ сазы мен сөзін өзі шығарған көптеген туындысы сақталулы. Атамыз айтыс өнерінде де өз қолтаңбасын қалдырды. Кешегі Нұрхан мен Омардың жұрнағындай жалғасқан ақпа ақын, Әбділдә Тәжібаевтан бата алған хас өнерпаз. Мұны қасиетті қара сөздің қайнарын қанып ішкен кез келген қазақ біле жүрсе керек.
Атамыз тоқсанның бесеуіне келсе де еңсесі тік, әлі күнге газет-журналды көзілдіріксіз оқиды, қаламы мен қара домбырасы қолынан түсіп көрмеген. "Құдірет құрыштан құйғандай" қажыр-қайраты мығым қарияға зор денсаулық тілейміз! Көненің көзіндей, асылдың сынығындай, тұманың тұнығындай тұлға ақ тілеулі халқының алдында аман-есен жүре берсін, жасы жүзден асып, ұрпағымен мың жасасын дегіміз келеді!