Аймақта қандай хабар бар?
Жетіспеушілік жойылады
Облыста. Өңірдің білім беру ұйымдарына 1584 компьютер жеткізілді. 15 қыркүйекке дейін тағы 13 638 компьютерлік техника жиынтығы әкелінбек. Үкімет қорының 2357,5 млн теңге қардысына барлығы 15 222 компьютер сатып алынады. Білім беру ұйымдары жаңа компьютерлердің жартысын қашық форматта оқуға мүмкіндігі жоқ оқушыларға уақытша беретін болады.
Ыбырайға ескерткіш қойылмақ
Қостанай. Алтынсарин көшесіндегі орталық саябақ кіреберісінде жаңа ескерткіш пайда болады. Қазір бұл маңда мүсін қоятын орынды әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалалық мәдениет бөлімінің мәліметінше, ұлы ағартушы Ыбырайдың ескерткіші орнатылады. Келер жылы 180 жылдығы атап өтілетін ұлы тұлғаның мүсіні Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына да қойылмақ.
Озық үлгілі орталық
Б.Майлин. Келер жылы ауданда ІҚМ өндірісі бойынша селекциялық-генетикалық орталық ашылады. Ерекшелігі – жемшөптік дақыл жерлерін суландырудың заманауи технологиясында. Жобаны өз алаңында "АТК" ЖШС орнатпақ. Оған "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы аясында коммуникация тартылады. Инвестицияның жалпы сомасы – 4,5 млрд теңге. 3 мың аналық қара мал басын өндіру көзделуде. 40 жұмыс орны ашылады.
Төрт балаға бір кітап
Қостанай а. Рыспай ауылы мектебінің 5-сыныбында оқитын 8 оқушы кітаптардың 2-ақ жиынтығын бөлісіп келген. Яғни әр төрт оқушы бір кітапты ортақтасқан. Бұл мәселені "Мектепке жол" акциясы аясында "ақжолдықтар" шешіп берді. Әрқайсысына барлық пәннің кітаптары үлестірілді. Партия өкілдерін де оқушылардың жаңа киімдер емес, кітап сұрағаны таңдандырыпты.
"Қосмекенділер" қолға түсті
Рудный. 8 ай ішінде ҚР және РФ азаматтығын алған 5 адам әшкере болды. Олар әкімшілік жазаға тартылып, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалады. Сондай-ақ, заңда қос азаматтық дерегі туралы дер кезінде хабарланбағаны үшін 200 АЕК көлемінде айыппұл төлету де қарастырылған. Президен биылғы жолдауында мұндай "қосмекенді" мемлекеттік қызметкерлерді жұмыстан шығарылатынын айтқан еді.
Рудный. 8 ай ішінде ҚР және РФ азаматтығын алған 5 адам әшкере болды. Олар әкімшілік жазаға тартылып, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалады. Сондай-ақ, заңда қос азаматтық дерегі туралы дер кезінде хабарланбағаны үшін 200 АЕК көлемінде айыппұл төлету де қарастырылған. Президен биылғы жолдауында мұндай "қосмекенді" мемлекеттік қызметкерлерді жұмыстан шығарылатынын айтқан еді.
Су мәселесі шешіледі
Қамысты. Алтынсарин ауылында су тарту желілерін қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қаржыны жергілікті серіктестік өзі бөліп, жұмыс барысын қадағалап отыр. Былтыр ғана бұл мақсатқа 134 млн теңге жұмсалыпты. Су барлық үйге енгізіліп, екі мұнара орнатылады. Жұмыс жыл аяғына дейін аяқталады.
Туысын тауып берді
Жангелдин. Полиция бөліміне Торғай кентінің Айшагүл Ысмағұлова тұрғыны сіңлісінің жоғалып кеткені туралы хабарлаған. Туысы 4 қыркүйекте жұмысқа кетіп, сол күйі оралмағапты. Іздеу барысында 24 жастағы қыз сол күні Амангелді ауданынан табылды. Қыз Байғабыл ауылында құрбысының қасында болған. Үйден кетуіне туыстарымен ренжісіп қалуы себеп. Айшагүл сіңлісін тауып берген полиция қызметкерлеріне алғыс айтты.