Кәсіби жоғары марапат – «Қостанай таңында»!
Биыл қазақ руханияты мен мәдениетін, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға зор үлес қосып келе жатқан бір топ белгілі қаламгер-журналистер: Шерхан Мұртаза, Сапабек Әсіпұлы, Сарбас Ақтаев, Ғаббас Қабышұлы, Зәкір Асабаев, Нұрлан Оразалин, Бейбіт Қойшыбай, Ержұман Смайыл, Жарылқап Бейсенбайұлы және басқалары «Қазақ журналистикасының қайраткері» атағына ие болды.
Өз саласында озық шыққан журналистердің кеудесіне Қоғамдық атақтар және марапаттар жөніндегі Республикалық кеңестің төрағасы, «Президент және халық» газетінің Бас редакторы Марат Тоқашбаев медаль тақты. Ол Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы бағдарламалық ұстанымдары негізінде ұлттық кодты нығайту, ұлттық сананы өркендету мақсатында төртінші билік өкілдеріне қоғамдық негіздегі кәсіби жоғары марапаттауды ұйғарғанын атап өткен еді.
Енді міне, осындай мәртебелі марапат Қостанай өңіріне де жетіп, алғашқылардың қатарында абыз басылым «Қостанай таңы» шаңырағын шаттыққа бөледі.
«Қазақ журналистикасыың қайраткері» атағы мен медалі төл кәсібіне адалдығы, сіңірген зор еңбегі үшін әрі «Қостанай таңының» 95 жылдығына орай газеттің Директор-Бас редакторы Жанұзақ Аязбековке, газет ардагері, жазушы Сәлім Меңдібаевқа және басылымның Амангелді ауданы бойынша меншікті тілшісі Хамитбек Мұсабаевқа берілді.
Жоғары марапатты тапсыру кезінде Қазақстан Журналистер Одағы облыстық бөлімшесі басқарма төрағасы Сергей Харченко өңірлік ақпарат құралдарының ішінде орны бөлек байырғы газет «Қостанай таңының» елге қызметінің маңызын айта келіп, журналистерді лайықты марапаттарымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ