Жол қысқарып, қол ұзармақ
Бүгін Қостанай облысының қалалары мен аудандарындағы ауруханаларға "УАЗ" маркалы 30 санитарлық көлік берілді. Кілттерін медициналық ұйымдарға табыс етуге облыс әкімі Архимед Мұхамбетов арнайы барды. Көліктерді сатып алуға 184 млн теңге жұмсалған. Әрқайсысы 6,1 млн теңге тұрады.
Пандемияға қарсы күрес аясында облыста медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстары жоспардағыша белсенді жүзеге асуда.
Соның жарқын бір мысалы – санитарлық көліктердің кезекті париясының қызметке кірісуі. Қазақстандағы ресейлік УАЗ маркалы автомобильдердің ресми дистрибьюторы саналатын "Вираж" компаниялар тобы 30 автокөлікті облыс өңірлеріне еншілетіп отыр. Темір тұлпарлар отандық автоөндіруші компания – "СарыАрқаАвтопром" ЖШС базасында құрастырылған. Облыс әкіміне көліктердің сапасы мен кабинаға жабдықталатын медициналық құрылғылар туралы ақпарат берілді.
Естеріңізде болса, бұған дейін, осы жылдың сәуір айында облыс басшылығы 475 млн теңгеге нақ осындай 80 санитарлық көлік сатып алып, қалалар мен аудандарға үлестірілген еді.
Жалпы, өңірлердегі ауруханаларды сұранысқа ие қызметтік көлікпен қамту – медициналық ұйымдарға пандемия кезеңінде көрсетілген үлкен қолдау, сондай-ақ аудандардағы санитарлық транспорт базасын жаңарту мәселесін түбегейлі шешуге жасалған маңызды қадам екені сөзсіз.
Бұдан былай бұл жаңа көліктер шалғай мекендердегі тұрғындардың жолын қысқартып, ақ халаттылардың қолын ұзарта түспек. Мұның сыртында, елімізде өндірілетін 50 реанимобиль сатып алуға келісім-шарт жасалғанын айта кетейік. Оған 2,2 млрд теңге жұмсалады.
Техникамен қоса, медициналық құрылғылар, залалсыздандырғыш заттар алуға жергілікті бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген. Үкімет қаржысының қорына 15, демеушілер қаражатына 2 тыныс алу аппараты сатып алынған. Бүгінде медұйымдар балансында мұндай 247 аппарат бар. Олардың қатары таяуда тағы 85 данамен толықпақ. Бұдан бөлек, АҚШ, Түркия, Қытай, Ресей елдерінен бүгінге дейін 350 оттегі концентраты әкелінген.
Індеттің "екінші толқынының" айналып соғу қаупіне қарсы, облыс қазынасынан қосымша 1,8 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы қажетті медициналық құрылғылар сатып алуға шығындалуы тиіс.