ҚИЯЛДАН ТУҒАН ҚОЛӨНЕР
Маталардың тігісін үйлестіріп, ою ойып әсемдеп іс тігу асқан шеберлікті қажет ететіні сөзсіз. Осындай кәсіпті жанына серік еткен Тобыл қаласының тұрғыны – Анар Дәулетова. Ол қазіргі заман талабына сай етіп, арнайы тапсырыстар қабылдап көрпе-жастықтар тігеді. Қымбат маталардағы түрлі ою-өрнектердің өзі бір-біріне ұқсамайтын сәнділігімен көз тартады. Қолөнершінің ісмерлігі, өзінің айтуы бойынша әжесінен дарыған.
–Негізгі мамандығым – мұғалім. Қазіргі уақытта Ауылшаруашылық колледжінде сабақ беремін. Кішкентайымнан әжемнің тәрбиесін көріп өстім. Ол кісі үнемі қолына ине ұстаса жанына мені шақырып алып, тігін тігудің қыр-сырын үйрететін. Осыдан бірнеше жыл бұрын бала күтімінде отырған соң қолөнерді қайта қолға алып, іздене бастадым. Қолыңыздан келетін, сүйікті ісіңізді дөңгелетіп, несібеңді тауып отырсаң, оның айыбы жоқ деп ойлаймын. Арнайы Алматыдан тігін машинасын алдырттым. Көбіне сыйлыққа, кəдесыйға тапсырыс береді. Бағасы қолжетімді деп айта аламын. Қазіргі уақытта жұмыспен қатар қолөнерді қатар алып жүруге тырысамын, – дейді ісмер.
Қолөнер адам баласын еңбектенуге үйретіп, ой ұшқырлығын дамытады Адамды іскерлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды. Шебер матаның сапасы мен үйлесімді сәніне көп мән береді.
–Халқымыздың қандай қолөнер түрінде болмасын, ою-өрнектер пайдаланылады. Соның ішінде құрақтан жасалған бұйымдар да қолданған. Құрақ, жапқыштарға, жастықтарға тігілетін ою-өрнектердің барлығын ойдан жасаймын. Мен тек сапалы материалдарды қолдануға тырысамын. Көбінесе велюр маталарды, астарына сиса маталарды қолданамын, – дейді шебер.
Қазақтың қолөнерін дәріптеп жүрген кейіпкеріміздің ісіне тек сәттілік тілейміз. Анар Әлібекқызының туындыларын korpe_kst инстаграм парақшасынан көре аласыздар.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.